Қазақстан тарихындағы үздік файтер аталды
Жуырда Қазақстан Ұлттық ММА федерациясының президенті Сағындық Мекеев осыған қатысты пікірін білдірді.
Қазақстан Ұлттық ММА федерациясының президенті Сағындық Мекеев Жалғас Жұмағұловты қазіргі таңда ел тарихындағы ең табысты аралас жекпе-жек шебері деп атады. Оның айтуынша, 37 жастағы спортшы әлі де жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жастарға үлгі болып жүр.
Мекеевтің айтуынша, Жұмағұлов жасы 37-ге келсе де, жекпе-жекке деген құлшынысын жоғалтпаған. Спортшыда екінші тыныс ашылғандай әсер бар.
"Иә, ол солай. Жалғас — нағыз еңбекқор. Ол маған жекпе-жектерге әлі тоймағанын, тағы да жұдырықтасқысы келетінін айтты. Оның екінші тынысы ашылған сияқты. UFC-де оған сәл ғана сәттілік жетіспеді. Үш жекпе-жегі өте жақын өтті, бірақ оған жеңіс берілмеді. Жалпы, Жалғас — үлкен азамат. Мен бұл жігітті өте жоғары бағалаймын", — деді Сағындық Мекеев.
Жастарға үлгі болатын спортшы
Федерация басшысы Жұмағұловтың ұзақ уақыт бойы кәсіби деңгейде өнер көрсетіп келе жатқанын ерекше атап өтті.
Оның сөзінше, 37 жастағы файтердің әлі де жоғары формада болуы және чемпиондық деңгейде жекпе-жек өткізуі қазақстандық жас спортшыларға жақсы үлгі.
"Ол — жастарымызға лайықты үлгі. Адам 37 жаста болса да, жоғары деңгейде жұдырықтасып жүр, чемпион және өзін жақсы формада ұстайды", — деді Мекеев.
Қазақстандағы ең табысты файтер
Сағындық Мекеев қазіргі таңда Жалғас Жұмағұловты Қазақстанның ең табысты ММА файтері деп санайтынын айтты.
Оның пікірінше, Жұмағұловтың басты ерекшелігі — шетелдік лигада чемпиондық белбеуге ие болуы. Мекеев Қазақстан файтерлері арасында дәл қазір мұндай жетістікке жеткен басқа спортшы жоқ екенін атап өтті.
"Қазіргі таңда бұл — Қазақстанның ең табысты файтері. Жакодан басқа қазақстандықтардың ешқайсысында шетелдік лигада чемпиондық белбеу жоқ", — деді маман.
Айта кетейік, Жалғас Жұмағұлов — UFC-мен келісімшарт жасасқан алғашқы қазақстандық файтер. UFC-дегі кезеңінен кейін Жұмағұлов Еуропадағы Oktagon MMA ұйымында сәтті өнер көрсетіп жүр. Бұл лигада ол чемпиондық деңгейге көтеріліп, халықаралық аренадағы беделін сақтап қалды.