Қазақстандық тағы бір боксшы финалда жұдырықтасады (ВИДЕО)

Футбол шолушысы

Өнер Сейілхан Азия чемпионатында 80 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында қырғызстандық қарсыласынан басым түсті.

Қазақстандық тағы бір боксшы финалда жұдырықтасады (ВИДЕО)
instagram.com/boxingkazakhstan/

Қарсыласын ойсырата жеңді

Өнер Сейілхан қырғызстандық Сағын Сатыбалды уулумен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған жекпе-жекте дәл соққылар және сауатты тактикасымен басымдық танытты. Осылайша төрешілер бірауыздан Сейілханды жеңімпаз деп таныды.

Қазақ боксшысы Азия чемпионатының финалына шығып, өзіне кемінде күміс медаль қамтамасыз етті. Ал Сағын Сатыбалды уулу құрлық біріншілігінің қола жүлдегері атанды.

Азия чемпионы атағы үшін таласады

Енді Өнер Сейілхан турнирдің шешуші жекпе-жегінде алтын медаль үшін жұдырықтасады. Оның финалдағы қарсыласы екінші жартылай финалдық кездесудің нәтижесі бойынша анықталады.

Бокстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатыр. Құрлықтық дода 16 шілдеде аяқталады.

Турнирге 26 мемлекеттен 400-ден астам боксшы қатысуда. Қазақстан құрамасы U-19 және U-23 санаттарындағы ерлер мен әйелдер бәсекесінде 39 боксшымен өнер көрсетіп жатыр.