"Келер жылдың басында октагонда көреміз": дәрігер Шавкат Рахмонов туралы жаңалықты жариялады
Файтердің дәрігері оның денсаулығына байланысты кәсіби мансабын жалғастыруға кедергі жоқ екенін мәлімдеді.
Шавкат Рахмонов жекпе-жекке дайындала алады
Жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық файтердің октагонға оралу мерзімі туралы оның емдеуші дәрігері Михаил Маркуарт айтты.
Маманның сөзінше, қазір Рахмоновтың кәсіби спортпен айналысуына медициналық тұрғыдан ешқандай шектеу жоқ. Ендігі кезекте файтердің физикалық бабын қаншалықты тез қалпына келтіретіні маңызды болмақ.
“Шавкаттың кәсіби мансабын жалғастыруына кедергі келтіретін медициналық себептер қалмады. Енді оның қаншалықты тез бабына келетіні дене дайындығына жауапты бапкерлерге байланысты. Сонымен қатар UFC күнтізбесі мен жекпе-жек өткізу мүмкіндігі де ескеріледі. Келер жылдың басында Шавкатты октагонда ресми жекпе-жек үстінде көреміз деп ойлаймын”, – деді Михаил Маркуарт “Солай де | UFC” YouTube арнасына берген сұхбатында.
Осылайша Шавкат Рахмоновтың келесі жекпе-жегі 2027 жылдың алғашқы айларында өтуі ықтимал. Нақты мерзім оның физикалық дайындығына, жаттығу лагерінің нәтижесіне және UFC ұйымының жоспарына байланысты анықталады.
Соңғы жекпе-жегі қалай өтіп еді?
Қазақстандық файтер соңғы рет 2024 жылдың 7 желтоқсанында UFC 310 турнирінде октагонға шыққан. Сол жекпе-жекте ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.
31 жастағы Шавкат Рахмонов кәсіби мансабында 19 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Сегіз қарсыласын нокаутпен, онын ауырту немесе тұншықтыру әдісімен жеңген. Тағы бір кездесуде төрешілер шешімімен басым түсті.