Айдос Жаппарбергенов пен Алмаз Нұрғали IBA Nomad белбеуі үшін реванш өткізеді
Қазақстандық боксшылар Айдос "Әлім" Жаппарбергенов пен Алмаз Нұрғали жеңіл салмақтағы IBA Nomad чемпиондық белбеуі үшін екінші рет жұдырықтасады.
Реванш қашан өтеді?
Көптен күткен қарымта жекпе-жек 28 тамыз күні Астанада ұйымдастырылады. Бокс кеші Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
Кездесу нәтижесінде жеңіл салмақтағы IBA Nomad ұйымының жалғыз әрі даусыз чемпионы анықталмақ.
Айдос Жаппарбергенов пен Алмаз Нұрғали алғаш рет былтыр мамыр айында кездескен. Тартысты өткен жекпе-жек төрешілердің даулы шешімімен тең аяқталды. Осы нәтижеден кейін чемпиондық белбеу Айдос Жаппарбергеновте қалды.
"Әлім" лақап атымен танымал қазақстандық боксшы Асрор Акпархожаевты жеңіп, жеңіл салмақтағы көшбасшылық мәртебесін сақтап қалды.
Нұрғали жеңіліссіз келе жатыр
Алмаз Нұрғали кәсіпқой рингте әлі жеңілген жоқ. Ол IBA Nomad 15 турнирінде Торғынбек Әміровтен басым түсті.
Жекпе-жек алдында Әміров BoxRec нұсқасы бойынша жеңіл салмақтағы әлемдік рейтингтің бірінші орнында тұрған. Сондай-ақ RCC Hard ұйымының сол кездегі чемпионы болған.
Енді Алмаз Нұрғали Айдос Жаппарбергеновпен өтетін реваншта жеңіліссіз сериясын жалғастырып, IBA Nomad белбеуін иеленуге тырысады.