Алғашқы белдесуде жеңілген қазақ балуаны ӘЧ қола жүлдегері атанды

Футбол шолушысы

Әлинұр Төлеуғали грек-рим күресінен 17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында жүлдеге қол созды.

Алғашқы белдесуде жеңілген қазақ балуаны ӘЧ қола жүлдегері атанды
sportarena.kz

Ирандық балуаннан басым түсті

Бакуде жасөспірімдер арасында күрестен әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Грек-рим күресінен 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әлинұр Төлеуғали қола медаль Эсмаил Захердустпен белдесті.

Қазақстандық балуан айқын басымдық танытып, 11:3 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Абай облысының өкілі әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Төлеуғали жарысты сәтсіз бастады

Әлинұр Төлеуғали турнирдегі алғашқы белдесуінде ресейлік Аслан Зуевке 3:6 есебімен есе жіберген еді. Бірақ Зуев финалға шыққандықтан қазақ балуаны жұбаныш белдесулеріне қатысу мүмкіндігін алды. Жұбаныш кезеңіндегі алғашқы кездесуінде молдовалық Богдан Талмачиді 9:0 есебімен ойсырата жеңді.

Ал келесі белдесуде украиналық Роман Иванюкпен күш сынасты. Тартысты жекпе-жек 2:2 есебімен аяқталды. Соңғы нәтижелі әдісті қазақстандық балуан орындағандықтан жеңіс Төлеуғалиге берілді.

Осы нәтиженің арқасында Әлинұр қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.