Жәнібек Әлімханұлына жұдырықтасуға рұқсат берілді
Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы екінші орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына міндетті үміткер мәртебесін алды.
WBO неге Әлімханұлын таңдады?
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшының өтінішін мақұлдап, дәл осындай мәртебеге таласқан даниялық Якоб Банктың сұранысын қанағаттандырмаған.
Ұйым шешім қабылдағанда Жәнібектің орта салмақтағы жетістіктерін басты назарға алған.
Қазақстандық боксшы бұған дейін WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, чемпиондық белбеулерін бес рет қорғаған. WBO ережесіне сәйкес, өз салмағында жоғары нәтижеге жеткен бұрынғы чемпиондар басқа дивизионға ауысқан кезде рейтинг пен чемпиондық мүмкіндік мәселесінде басымдыққа ие болуы мүмкін.
Осы факторлар Әлімханұлының екінші орта салмақта бірден маңызды позицияға көтерілуіне әсер етті.
Әлімханұлы – Шираз жекпе-жегі өте ме?
10 шілдеде Әлімханұлының жекпе-жек өткізуіне қатысты шектеу мерзімінен бұрын алынып тасталған.
Осыдан кейін WBO Жәнібек командасы мен қазіргі чемпион Хамза Шираздың өкілдеріне жекпе-жек ұйымдастыру бойынша келіссөз бастауға міндеттеді.
Тараптарға келісімге келу үшін 20 күн уақыт берілген. Егер осы аралықта ортақ мәміле жасалмаса, жекпе-жекті өткізу құқығын анықтайтын промоутерлік сауда ұйымдастырылмақ. Бұл жағдайда Әлімханұлы жаңа салмақта бірден әлем чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алады.
Чемпиондық белбеулерінен қалай айырылды?
Жәнібек бұған дейін орта салмақта IBF және WBO белбеулерін иеленген.
Ол WBA чемпионы, кубалық Эрисланди Ларамен чемпиондық атақтарды біріктіру жекпе-жегін өткізуі тиіс болған. Дегенмен қазақстандық боксшының допинг сынамасынан тыйым салынған зат табылғаны хабарланды.
Сынамада мельдоний анықталғаннан кейін Әлімханұлы IBF чемпиондық атағынан айырылды. Ал WBO белбеуі белгілі бір уақытқа дейін өзінде қалды. Сонымен қатар боксшыға 2026 жылдың желтоқсанына дейін жекпе-жек өткізуге шектеу қойылған еді. Кейін бұл тыйым мерзімінен бұрын алынды.
Жазда Жәнібек орта салмақтағы WBO чемпиондық атағын босатып, екінші орта салмаққа ауысу туралы шешім қабылдады.
WBO қазақстандықтың таңдауын қолдап, оны жаңа дивизиондағы чемпиондық белбеуге үміткерлер қатарына қосты.
Неге екінші орта салмаққа көтерілді?
Жәнібектің орта салмақтағы 72,6 келіге жуық лимитті жасау кезінде қиындық көргені бұған дейін де байқалған. 2024 жылдың жазында Андрей Михайловичпен кездесудің алдында ресми салмақ өлшеуден кейін өзін жайсыз сезініп, ауруханаға жеткізілген еді. Осы жағдайға байланысты Top Rank жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
Кейін кездесу қайта ұйымдастырылып, жаңа күн мен өтетін орынды промоутерлік саудада жеңген Михайловичтің өкілдері анықтады. Әлімханұлының промоутерлері саудада небәрі 1000 доллар айырмашылықпен жеңілген.
Ауруханадан шыққаннан кейін Жәнібектің командасы боксшының салмақ қуу процесін бақылау үшін диетологпен жұмыс істейтінін мәлімдеді. Кейінгі кездесуінде Әлімханұлы қажетті салмақты сәтті көрсеткен.
Қазақстандық боксшы енді орта салмақтағы 72,6 келі лимитіне тәуелді болмайды. Екінші орта салмақта спортшылар 76,2 келіге дейін өнер көрсете алады.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.