Назым Қызайбайға ерекше марапат табысталды
Үш дүркін әлем чемпионы тағы бір мәртебелі марапатқа ие болды.
ҰОК үздіктерді марапаттады
Спорт күніне орай Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінде спортшылар мен бапкерлерді марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Назым Қызайбай Қазақстанның олимпиадалық қозғалысына еңбек сіңірген қызметкері ретінде I дәрежелі төсбелгімен марапатталды.
Сонымен қатар отандық бокстың бірқатар өкілі арнайы марапатқа ие болды. Олардың қатарында Қазақстан ерлер құрамасының боксшылары Нұрбек Оралбай мен Айбек Оралбай бар.
Бапкерлер арасынан Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Асқар Еркебаев, әйелдер құрамасының бапкері Елдос Сайдалин және Алматы әйелдер командасының аға жаттықтырушысы Долкунжан Камеков марапатталды.
Назым Қызайбай – үш дүркін әлем чемпионы
Назым Қызайбай – Қазақстан әйелдер боксының тарихындағы ең табысты спортшылардың бірі. Ол 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатын үш рет жеңіп алған.
Алғашқы әлем чемпионы атағын 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында иеленді. Екі жылдан кейін Астанада әлем біріншілігінде де қарсылас шақ келтірмей, чемпиондық атағын қорғап қалды.
Ал 2025 жылдың наурызында Сербияның Ниш қаласындағы әлем чемпионатында мансабында үшінші рет алтын медаль жеңіп алды.
Париж Олимпиадасындағы тарихи жүлде
Назым Қызайбай Париж Олимпиадасында да Қазақстан құрамасының жүлде қорын толықтырды. Ол жартылай финалға дейін жетіп, қытайлық Азия ойындарының чемпионы У Юге есе жіберді.
Соған қарамастан бұл нәтиже Қызайбай үшін ерекше жетістікке айналды. Қазақстандық боксшы мансабында алғаш рет Олимпиада ойындарының жүлдегері атанды.
Әлем чемпионатындағы күміс
Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында Назым Қызайбай тағы да финалға дейін жетті. Бұл оның әлем біріншіліктеріндегі төртінші финалы болды.
Бірақ алғаш рет шешуші жекпе-жекте жеңіліп, турнирдің күміс жүлдесін қанағат тұтты.
Қытайдағы Әлем кубогы
Назым Қызайбайдың соңғы ірі халықаралық жарыстарының бірі Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing Әлем кубогының кезеңі болды.
Аталған турнирде барлық қарсыласынан басым түсіп, алтын медальмен елге оралды.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.