Шавкат Рахмоновқа титулдық жекпе-жек ұсынылды
UFC-дің жартылай орта салмақтағы ирландиялық файтері Иэн Гэрри Ислам Махачевты жеңіп, чемпиондық белбеуді иеленген жағдайда Шавкат Рахмоновпен реванш өткізгісі келетінін мәлімдеді.
Кезексіз титулдық айқасқа шақыру
Иэн Гэрридің сөзінше, Рахмонов октагонға оралғаннан кейін басқа қарсыластармен жекпе-жек өткізбей-ақ, тікелей онымен кездесуге мүмкіндік алуы тиіс. Ирландиялық файтер әуелі қазақстандыққа денсаулық тілеп, оның толық қалпына келуін күтетінін айтты.
“Шавкат Рахмонов қашан оралса да, оған тезірек сауығып кетуін тілеймін. Оның өмірінде белгілі бір қиындықтар болғанын естідім. Оған тек жақсылық тілеймін. Денсаулығы мықты болып, барлығы жақсы болғанын қалаймын. Өйткені жекпе-жектен де маңызды нәрселер бар. Отбасы мен денсаулық әрқашан бірінші орында”, – деді Гэрри.
Сонымен қатар ол Рахмоновтың UFC-ге қайта оралған сәтінде басты мақсаты қазақстандықпен реванш өткізу болатынын жасырмады.
“Шавкатқа бар жақсылықты тілеймін. Бірақ ол октагонға қайта шыққанда, кездесетін жалғыз адам – мен боламын. Ол бүкіл кезекті аттап өтеді, өйткені мен дәл осы жекпе-жекті қалаймын”, – деді ирландиялық файтер.
Шавкат Рахмонов – Гэрриді жеңген жалғыз файтер
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов Иэн Гэрриді кәсіби мансабында жеңген жалғыз файтер болып қала береді. Екі файтердің алғашқы кездесуі 2024 жылдың желтоқсанында UFC 310 турнирінде өтті. Бес раундқа созылған айқаста қазақстандық файтер төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жеткен.
Шавкат осы жекпе-жектен кейін октагонға шыққан жоқ. Жарақаттарынан айығып, толыққанды жаттығуға қайта оралуға дайындалып жүр.
Ал Иэн Гэрри 16 тамызда Ислам Махачевке қарсы UFC чемпиондық белбеуі үшін жекпе-жек өткізеді.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.