Шавкат Рахмоновтың бапкері Еркебұлан Тоқтарға баға берді
Еркебұлан Тоқтар соңғы кездесуін 28 тамызда Астанада өткен IBA Nomad лигасының International Boxing Day турнирінде өткізді.
DAR Team командасының бас бапкері әрі Шавкат Рахмоновтың жаттықтырушысы Эдуард Базров қазақстандық танымал файтер Еркебұлан Тоқтар туралы пікір білдірді.
Маман Тоқтардың спорттағы мүмкіндігін жоғары бағалап, оның кәсіби деңгейде әлі де үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынын айтты.
"Басында оны тәкаппар деп ойладым"
Эдуард Базров Еркебұлан Тоқтармен үнемі араласпаса да, онымен байланыста екенін жеткізді.
"Еркебұланды танимын. Өмірде көп сөйлескен жоқпыз, бірақ байланыстамыз, кейде хат алмасамыз. Сыйластықты білетін жігіт. Онымен танысқанға дейін сәл тәкаппар шығар деп ойлайтынмын. Бірақ шын мәнінде өте қарапайым әрі кішіпейіл адам болып шықты", – деді Базров Sports.kz басылымына берген сұхбатында.
Бапкер Тоқтардың дайындыққа деген көзқарасына да тоқталды.
"Ол дайындалады, күн сайын жаттығады. Оның үстіне кәсіпқойлармен бірге жұмыс істейді. Мен Еркебұланның өзін де кәсіби спортшы деп санаймын. Өйткені мұндай жоғары деңгейде жеңіске жету жайдан-жай болмайды", – деді маман.
Базровтың пікірінше, қазақстандық спортшының алдағы уақытта спортта өсуге мүмкіндігі бар.
"UFC-де немесе үлкен бокс кештерінде көрер едік"
Эдуард Базров Еркебұлан Тоқтар жекпе-жек спортымен бала кезінен айналысқанда, мансабы бұдан да жоғары деңгейге көтерілуі мүмкін болғанын атап өтті.
"Меніңше, Еркебұланның спортта болашағы бар. Егер ол мұнымен бала кезінен айналысқанда, өте алысқа барар еді. Мүмкін, оны UFC-де немесе үлкен бокс жекпе-жектерінде көрер едік", – деді Базров.
Айта кетейік, Еркебұлан Тоқтар соңғы кездесуін 28 тамызда Астанада өткен IBA Nomad лигасының International Boxing Day турнирінде өткізді.
Кәсіпқой бокс ережесі бойынша суперорта салмақта өткен кездесуде қазақстандық спортшы өзбекстандық Бобиржон "Испанчик" Исроиловпен жұдырықтасты.
Тоқтар қарсыласын жекпе-жек барысында төрт рет нокдаунға түсіріп, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.