World Boxing Төрехан Сабырханның салмағындағы басты фаворитті атады
World Boxing халықаралық федерациясы Жапонияда өтетін 2026 жылғы Азия ойындарында ерекше назар аударуға тұрарлық бес боксшыны таңдады.
Зеяд Ишаиш басты үміткерлер қатарында
World Boxing сарапшылары 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде иорданиялық Зеяд Ишаишты Азиада жүлдесіне негізгі үміткерлердің бірі ретінде атап өтті.
Дәл осы салмақта Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Төрехан Сабырхан да сынға түседі. Ол Жапониядағы Азия ойындарында ел қоржынына алтын медаль салуға басты үміткерлердің қатарында.
Төрехан Сабырхан қарымта қайтара ала ма?
Төрехан Сабырхан мен Зеяд Ишаиш 2026 жылдың сәуір айында Ұлан-Батырдағы Азия чемпионатының финалында кездескен.
Шешуші жекпе-жекте иорданиялық боксшы жеңіске жетіп, құрлық чемпионы атанды. Ал Төрехан Сабырхан турнирдің күміс жүлдесін иеленді.
Осыған байланысты қос боксшының Азиада-2026 аясындағы ықтимал кездесуі қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше қызығушылық тудырады. Төрехан Жапония төрінде бұрынғы қарсыласынан есе қайтаруға мүмкіндік алуы мүмкін.
World Boxing таңдаған бес боксшы
Халықаралық федерация Азия ойындары алдында мына былғары қолғап шеберлерін ерекше атап өтті:
- Зеяд Ишаиш — Иордания, 70 келі;
- Абдумалик Халоков — Өзбекстан, 60 келі;
- Хуан Сяовэнь — Қытай Тайбэйі, 54 келі;
- Айра Вильегас — Филиппин, 51 келі;
- Сачин Сачин — Үндістан, 60 келі.
2026 жылғы Азия ойындарының бокс турнирі 21 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Нагоя қаласында өтеді.
Жарыстың маңызы тек Азиада медальдарымен шектелмейді. Жүлделі орындарға ие болған боксшылар Қазақстанда өтетін 2027 жылғы әлем чемпионатына тікелей жолдама алады.