ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ ҚПЛ 27-тур

Махмұд Сабырханның Азиада додасындағы басты қарсыластары анықталды

Қазақстан бокс федерациясы Жапонияда өтетін Азия ойындарында екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырханға негізгі бәсекелес атануы мүмкін былғары қолғап шеберлерін атады.

Махмұд Сабырханның Азиада додасындағы басты қарсыластары анықталды
Instagram/@boxingkazakhstan

55 келіде 24 боксшы сынға түседі

Ерлер арасындағы 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азияның 24 боксшысы бақ сынауға өтінім берген. Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Махмұд Сабырхан әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Дегенмен Азиада алтынына апарар жолда қазақстандық боксшыға бірнеше мықты қарсылас кедергі келтіруі ықтимал.

Махмұд Сабырханның басты қарсыластарының бірі — әлемдік рейтингтің екінші сатысында тұрған жапониялық Руи Ямагучи. Ол 2026 жылғы Азия чемпионатында топ жарған.

Қос боксшы 2025 жылы Ливерпульдегі әлем чемпионатында кездескен. Сол жекпе-жекте Сабырхан қарсыласынан айқын басым түсіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Енді өз елінде өнер көрсететін Ямагучи қазақ чемпионынан есе қайтаруға бар күшін салатыны анық.

Хархуумен қарымта кездесу болуы мүмкін

Моңғолиялық Билгунсайхан Хархуумен өтетін ықтимал жекпе-жек те ерекше қызығушылық тудырады. Ол қазір әлемдік рейтингте бесінші орында келеді.

2026 жылғы Азия чемпионатының финалында Харху Махмұд Сабырханнан басым түсіп, күтпеген нәтиже тіркеген. Сондықтан Жапониядағы бәсеке қазақ боксшысы үшін қарымта қайтаруға жақсы мүмкіндік болмақ.

Олимпиада жүлдегері Карло Паалам да қауіпті

Филиппиндік Карло Паалам да 55 келідегі басты фавориттердің қатарында. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері мол тәжірибесімен және жоғары жылдамдығымен ерекшеленеді.

Сабырхан мен Паалам 2022 жылғы Азия чемпионатының финалында қолғап түйістірген. Ол кезде филиппиндік боксшы жеңіске жеткен. Демек олардың Азиададағы ықтимал кездесуі Махмұд үшін тағы бір реванш жекпе-жегіне айналуы мүмкін.

Қытайлықпен алғашқы айқас өтуі ықтимал

Әлемдік рейтингте төртінші орында тұрған қытайлық Чжан Цзямао да жүлдеге таласатын негізгі үміткерлердің бірі саналады.

Ол 2026 жылы Бразилиядағы әлем кубогының кезеңінде чемпион атанып, Қытайда өткен келесі жарыста финалға дейін жетті. Махмұд Сабырхан бұған дейін Чжан Цзямаомен ресми жекпе-жекте кездеспеген.

Аталған салмақтағы бәсекені жастар арасындағы әлем чемпионы өзбекстандық Самандар Олимов та күшейте түседі.

Сонымен қатар Азия ойындарының қола жүлдегері, Солтүстік Корея боксшысы Чон Рионг Со мен Азия чемпионатының қола медалін иеленген иорданиялық Хузайфа Ишаиш те жеңіс тұғырына таласатындардың қатарында.

Бұл туралы не ойлайсыз?