Айбек Оралбай нокдаунмен Азиада финалына шықты
Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілердің барлығы 30:27 есебін тіркеді. Отандасымыз енді Азия ойындарының алтын медалі үшін жұдырықтасады.
Қазақстандық боксшы Айбек Оралбай Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының финалына жолдама алды.
+90 келі салмақ дәрежесінің жартылай финалында 2025 жылғы әлем чемпионы Үндістан өкілі Нарендермен кездесті.
Айбек Оралбай жекпе-жектің басынан ринг орталығын бақылауға алып, қарсыласына қысым жасады.
Бірінші раундта барлық бес төреші қазақстандық боксшыға 10:9 есебімен басымдық берді.
Екінші раундта да Оралбай белсенділігін бәсеңдетпей, дәл соққыларымен алға шықты. Бұл үш минуттықты да төрешілер бірауыздан оның пайдасына жазды.
Шешуші раундта Айбек Оралбай шабуылын жалғастырып, соққыларының бірінен кейін Нарендерге нокдаун саналды.
Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілердің барлығы 30:27 есебін тіркеді.
Жартылай финалға қалай жетті?
Бұған дейін ширек финалда Оралбай Қырғызстан өкілі Мырзакир Кошалиевті төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңді.
Ал Нарендер ширек финалда Таиланд боксшысы Саенгтепті бірінші раундта техникалық нокаутпен ұтып, жартылай финалға шыққан еді.
Қазақстаннан тағы төрт боксшы финал үшін айқасады
30 қыркүйекте Қазақстан құрамасының тағы төрт боксшысы жартылай финалдық жекпе-жек өткізеді:
- Алуа Балқыбекова – 51 кг;
- Махмұд Сабырхан – 55 кг;
- Төрехан Сабырхан – 70 кг;
- Наталья Богданова – 75 кг.