Қазақстанның екі боксшысы Азиада "алтынына" таласады
Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай Жапонияның Айти және Нагоя өңірлерінде өтіп жатқан Азия ойындарының финалына шықты.
Финалға кімдер шықты?
Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта алтын медаль үшін жұдырықтасады. Ал аса ауыр салмақта, яғни 90 келіден жоғары санатта ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай шешуші жекпе-жекке жолдама алды.
Осылайша Қазақстанның екі өкілі Азиада-2026 чемпионы атану үшін күресті жалғастырады.
70 келіге дейінгі салмақта алтын медаль үшін Төрехан Сабырхан мен иорданиялық Зейяд Ишаиш жұдырықтасады. Төрехан жартылай финалда өзбекстандық Шавкатжон Болтаевты жеңсе, Ишаиш жарыс қожайыны Жапония намысын қорғаған Сэвон Окадзавадан басым түсті.
Аса ауыр салмақта (90 келіден жоғары) Қазақстан – Өзбекстан текетіресі өтеді. Айбек Оралбай Жахонгир Зокировпен кездеседі. Оралбай жартылай финалда үндістандық Нарендерді ұтқан еді. Ал Зокиров ирандық Амир Эсмаилиді мерзімінен бұрын жеңді.
Азиада-2026 додасында бокстан финалдық жекпе-жектер 2 қазанда өтеді.
Үш боксшы қола медаль иеленді
Қазақстан құрамасынан жартылай финалға бес боксшы жеткен еді. Бірақ олардың үшеуі осы кезеңде қарсыластарына есе жіберіп, жарысты қола жүлдемен аяқтады:
- Алуа Балқыбекова – 51 келіге дейін;
- Наталья Богданова – 75 келіге дейін;
- Махмұд Сабырхан – 55 келіге дейін.
Жапониядағы Азия ойындарына Қазақстан атынан барлығы 11 боксшы қатысқан. Ерлер құрамасы алты, әйелдер құрамасы бес салмақ дәрежесінде бақ сынады.