IBA ӘЧ-2027: жеңімпаздарға 1 миллион доллардан берілмек
Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) 2027 жылғы әлем чемпионатының жүлде қорын 20 миллион долларға жеткізуді жоспарлап отыр.
Әлем чемпионатының жүлде қоры ұлғаяды
IBA президенті Умар Кремлев Ыстанбұлда өткен баспасөз мәслихатында алдағы әлем біріншілігіндегі сыйақы көлемін жариялады.
Оның айтуынша, Дубайда өткен 2025 жылғы әлем чемпионатының жүлде қоры 8 миллион доллар болған. Ал 2027 жылғы турнирге 20 миллион доллар қарастырылмақ. Бұл – алдыңғы біріншілікпен салыстырғанда 2,5 есе көп.
Кремлев әлем чемпионатын IBA үшін басты жарыс деп атап, бірінші орын иегерлерінің әрқайсысына 1 миллион доллардан берілетінін мәлімдеді.
IBA World Boxing-пен диалогқа дайын
Баспасөз мәслихатында Кремлевке болашақта World Boxing ұйымымен бірігу мүмкіндігі туралы да сұрақ қойылды.
IBA басшысы өз ұйымының диалогқа ашық екенін жеткізді. Оның пікірінше, кез келген келісімде боксшылардың мүддесі мен жарыстарға қатысу мүмкіндігі ескерілуі керек.
Қазір әлемдік әуесқой бокста IBA және World Boxing қатар жұмыс істейді. Геннадий Головкин басқаратын World Boxing ұйымы Лос-Анджелестегі 2028 жылғы Олимпиадада бокс жарыстарын өткізуге жауапты.
Екі ұйымның жарыс күнтізбесін үйлестіру ұсынылды
Кремлев IBA мен World Boxing турнирлерінің мерзімін өзара сәйкестендіру маңызды екенін айтты. Бұл боксшыларға екі ұйымның да жарыстарына қатысуға мүмкіндік бермек.
Ол Геннадий Головкинді бокс әлемінде беделі жоғары тұлға деп атап, ұйымдардың ортақ мақсаты спортты дамыту және боксшыларды қолдау болуы керек деген пікір білдірді.
IBA президенті кәсіпқой және әуесқой бокста бірлескен ережелер әзірлеу мүмкіндігін де сөз етті.
Кремлевтің мәлімдеуінше, World Boxing турнирлерінің жүлдегерлеріне IBA әлем чемпионатына іріктелу мүмкіндігі ұсынылады. Ал Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері IBA рейтингіне бірден енгізіліп, әлем біріншілігіне қосымша іріктеусіз қатыса алады.