Тәшкенбай мен Жүсіпов ел чемпионатына қатыспайды
Таразда өтетін біріншілік 2027 жылға арналған ұлттық құраманы жасақтауда маңызды рөл атқарады.
Қазақстан чемпионатына бірнеше танымал боксшы қатыспайды
Бұл туралы спорт журналисі Аслан Қаженов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қазақстан бокс федерациясы ел біріншілігінде бақ сынайтындардың тізімін жариялаған. Алайда бірнеше салмақ дәрежесінде ұлттық құраманың негізгі боксшылары жоқ.
Атап айтқанда, 50 келіге дейінгі салмақта Санжар Тәшкенбай ел чемпионатына қатыспайды. Оның мұндай шешім қабылдауына не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Журналист боксшының жарыстан бас тартуы кәсіпқой бокстағы жоспарларына байланысты болуы мүмкін екенін болжады. Дегенмен бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
70 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жүсіпов те ел біріншілігінен шет қалмақ. Белгілі боксшы спорттық мансабында уақытша үзіліс алуды жөн көрген.
Тағы кімдер жарысқа қатыспайды?
Аслан Қаженовтің мәліметінше, Қазақстан чемпионатына қатыспайтындардың қатарында бірнеше әлемдік деңгейдегі боксшы бар.
Жарысқа қатыспайтындар және олардың себептері:
50 келі – Санжар Тәшкенбай. Қатыспау себебі белгісіз.
55 келі – Махмұд Сабырхан. Азия ойындарынан кейін демалыс берілген.
55 келі – Сәкен Бибосынов. Жарақатына байланысты қатыспайды.
60 келі – Серік Теміржанов. Былтырғы ел чемпионы жарақат алған.
65 келі – Санатәлі Төлтаев. Қазақстанның былтырғы чемпионы кәсіпқой боксқа ауысқан.
70 келі – Төрехан Сабырхан. Азия ойындарынан кейін демалып жатыр.
70 келі – Абылайхан Жүсіпов. Уақытша үзіліс алған.
90 келі – Нұрбек Оралбай. Жарақатына байланысты шаршы алаңға шықпайды.
90 келіден жоғары – Айбек Оралбай. Демалыс берілген.
Ал 75 және 80 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде елдің барлық жетекші боксшылары өнер көрсетеді деп жоспарланған.
Қазақстан құрамасы қалай жасақталады?
Бокстан 2026 жылғы Қазақстан чемпионаты 29 қазан мен 6 қараша аралығында Таразда өтеді.
Бұл жарыс алдағы халықаралық турнирлерге қатысатын ұлттық құраманың жаңа құрамын анықтауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қазақстан құрамаларының бас бапкерлері 2027 жылғы маусымға іріктеу талаптарын түсіндірген болатын.
Олардың мәліметінше, 2026 жылғы Азия ойындарының жүлдегерлеріне ғана ерекше жағдай жасалады. Ал қалған боксшылар ұлттық құрамадағы орындарын ел чемпионатында дәлелдеуі тиіс.