Алтын Шағаева әлем чемпионатының финалына шыға алмады
Астанада күрестен 2026 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының өкілі жартылай финалда жеңіліс тапты.
Жартылай финалда кімге жеңілді?
Елордадағы әлем біріншілігінде әйелдер күресінен 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалдық кездесулері өтті. Финал жолдамасы үшін Алтын Шағаева үндістандық Манишамен күш сынасты.
23 жастағы отандасымыз қарсыласына төтеп бере алмады. Небәрі 18 жастағы үндістандық балуан айқын басымдық танытып, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Маниша 10:0 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының финалына жолдама алды.
Айта кетейік, Маниша – 2025 жылғы Азия чемпионы және 2026 жылы өткен Zagreb Open халықаралық турнирінің жеңімпазы.
Шағаева қола медаль үшін күреседі
Жартылай финалдағы сәтсіздікке қарамастан, қазақстандық балуанның әлем чемпионатында жүлде алу мүмкіндігі сақталып отыр.
Енді Алтын Шағаева үшінші орын үшін өтетін белдесуде жеңіске жетуге тырысады.
Бұған дейін отандасымыз әлем біріншілігінде екі бірдей мықты қарсыласын жарыс жолынан шығарған болатын. Ол түркиялық Бедиха Гүн мен польшалық Йовита Мария Жесенді жеңіп, жартылай финалға дейін жетті.
Алтын Шағаева туралы не белгілі?
Алтын Шағаева – Алматы облысының атынан өнер көрсететін 23 жастағы қазақстандық балуан. Ол жасөспірімдер мен жастар арасындағы халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жүлдегер атанған.
Басты жетістіктері:
2019 жыл – жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері (53 келі);
2022 және 2023 жылдар – 20 жасқа дейінгі Азия чемпионаттарының қола жүлдегері;
2022 жыл – 20 жасқа дейінгі әлем чемпионатының күміс жүлдегері;
2023 жыл – 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының қола жүлдегері;
2026 жыл – 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатының күміс жүлдегері (57 келі).
Алтын Шағаева – Қазақстан Республикасының спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Әлемдік рейтингте 34-орында тұр.