Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Жәмила Бақбергенова қола жүлдеден соңғы сәтте айырылды

Қазақстандық балуан Астанада күрестен 2026 жылғы әлем чемпионатында қола медаль үшін белдесіп, жеңіліс тапты. 

Жәмила Бақбергенова қола жүлдеден соңғы сәтте айырылды
Спортты дамыту дирекциясы

Жапониялық балуаннан қалай жеңілді?

Әйелдер күресінен 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан намысын қорғаған Жәмила Бақбергенова қола медаль үшін жапониялық Махиро Ёситакемен күш сынасты.

Тартысты өткен белдесуде қазақ қызы 4:3 есебімен алға шыққан еді. Дегенмен шешуші сәтте жапониялық балуан нәтижелі әдіс қолданып, кездесу барысын өзгертті.

Нәтижесінде Махиро Ёситаке 6:4 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ал Бақбергенова жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады.

Қазақстандық балуан әлем чемпионатында қалай өнер көрсетті?

Жәмила Бақбергенова Астанадағы дүниежүзілік додада сенімді өнер көрсетіп, бірнеше қарсыласынан басым түсті.

Алғашқы белдесулерінде молдовалық Эмилия Кречунды 13:2 есебімен жеңсе, кейін украиналық Надежда Соколовскаяны 9:1 есебімен тізе бүктірді.

Бірақ жартылай финалда қытайлық Ли Зэлуге 2:4 есебімен жол беріп, алтын медаль үшін күресті жалғастыра алмады.

Ал жапониялық Махиро Ёситаке жарысты моңғолиялық Болортунгалаг Зоригтті жауырынымен жерге тигізіп жеңуден бастады. Кейін Ли Зэлуге 4:9 есебімен есе жібергенімен, жұбаныш белдесуінде ресейлік Ксения Буракованы 4:1 есебімен ұтып, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.

Бақбергенованың әлем чемпионаттарындағы жетістіктері

Жәмила Бақбергенова – Қазақстан әйелдер күресінің көшбасшыларының бірі. Ол бұған дейін әлем чемпионаттарында төрт рет жүлдегер атанған.

Атап айтқанда, 2021, 2022 және 2024 жылдары күміс медаль иеленсе, 2023 жылы әлем біріншілігінің қола жүлдесін жеңіп алған.

Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан күрестен 2026 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бұған дейін төрт қола жүлдеге қол жеткізді.

Әлемдік додада Зейнеп Баянова, Исхар Құрбаев, Айдос Сұлтанғали және Бағдат Сабаз үздік үштіктен көрінді.

Бұл туралы не ойлайсыз?