Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

"Шоу керек пе?": Төрехан Сабырхан өзбекстандық әйгілі нокаутшыға жауап берді

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Өзбекстанның танымал кәсіпқой боксшысы Шохжахон Эргашевпен жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеді. 

"Шоу керек пе?": Төрехан Сабырхан өзбекстандық әйгілі нокаутшыға жауап берді
Instagram/@sabyrkhantorekhan

Өзбек боксшысына не деп жауап берді?

IBA Nomad лигасының Instagram желісіндегі ресми парақшасында қазақстандық былғары қолғап шеберінің мәлімдемесі жарияланды.

Сабырхан кәсіпқой рингте 29 кездесу өткізіп, оның 24-ін нокаутпен аяқтаған Шохжахон Эргашевпен күш сынасуға қарсы емес екенін жеткізді.

"Шоу керек пе? Мен дайынмын!" – деді қазақстандық боксшы.

Осылайша екі елдің өкілдері арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыру мүмкіндігі қызу талқылана бастады. Дегенмен әзірге кездесудің ресми түрде бекітілгені туралы ақпарат жоқ.

Эргашев Алматыда жұдырықтасуға ниетті

Бұған дейін кәсіпқой бокста 27 жеңіске жетіп, екі рет жеңілген өзбекстандық былғары қолғап шебері желтоқсан айының басында Алматыда рингке оралуды жоспарлап отырғанын айтқан.

Эргашев IBA Nomad турнирінде кез келген қарсыласпен кездесуге дайын екенін мәлімдеген. 

Айта кетейік, 17 қазанда Ташкентте өткен IBA Nomad 16 турнирінде Шохжахон Эргашев қазақстандық Дастан Бекенді жеңді. 

ММА қолғаптарымен бокс ережесі бойынша ұйымдастырылған кездесуде төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен басым түсті.

Төрехан Сабырхан кәсіпқой бокста қалай дебют жасады?

Қазақстан боксының талантты өкілдерінің бірі Төрехан Сабырхан кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін 2025 жылғы 5 сәуірде Астанада өткізген.

Оның қарсыласы чехиялық Иржи Хауке болды. Қазақстандық боксшы кездесу барысында қарсыласын екі мәрте нокдаунға жіберіп, үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Бұл әзірге Сабырханның кәсіпқой бокстағы жалғыз жекпе-жегі болып отыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?