Мейірім Нұрсұлтанов әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жектен қағылды
Қазақстандық кәсіпқой боксшының WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамеспен титулдық жекпе-жегі әзірге өтпейтін болды.
Карлос Адаместің жаңа қарсыласы белгілі болды
Сауд Арабиясының Бас ойын-сауық басқармасының төрағасы Турки әл-Шейх Instagram желісіндегі парақшасында WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Карлос Адаместің (25-1-1, 18 КО) келесі жекпе-жегін жариялады.
Доминиканалық боксшы 14 қарашада Эр-Риядта өтетін Riyadh Zuffa Boxing 13 турнирінде уэльстық Джером Уорбертонмен қолғап түйістіреді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл кездесу бокс кешінің басты жекпе-жегі болмақ.
Турнир туралы мәлімет:
Өтетін күні: 14 қараша 2026 жыл;
Өтетін орны: Эр-Рияд, Сауд Арабиясы;
Арена: The Venue;
Басты жекпе-жек: Карлос Адамес – Джером Уорбертон;
Турнир: Riyadh Zuffa Boxing 13.
Турнир билеттері сатылымға шығарылған. Сонымен қатар жанкүйерлерді бірнеше қызықты жекпе-жектен тұратын бокс кеші күтіп тұр.
Нұрсұлтановтың титулдық мүмкіндігі не болды?
Айта кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) Мейірім Нұрсұлтановты орта салмақтағы чемпиондық белбеуге міндетті үміткер ретінде ресми түрде бекіткен. Бұл шешім отандасымыздың америкалық Хесус Рамос кішімен жоспарланған кездесуінің өтпей қалуынан кейін қабылданды.
WBC тұжырымының уақытша чемпионы Рамос жекпе-жек қарсаңында уланып, ауруханаға түскен. Соның салдарынан қазақстандық боксшымен кездесуі ұйымдастырылмады.
Екі жылдан астам рейтинг көшін бастап келеді
Мейірім Нұрсұлтанов 2023 жылдың қараша айында чилилік Хулио Аламосты іріктеу жекпе-жегінде жеңгеннен кейін WBC рейтингінде бірінші орынға көтерілген еді. Содан бері чемпиондық мүмкіндікке қол жеткізуді күтіп келеді.
2026 жылдың қыркүйегінде WBC Карлос Адамеске Мейірім Нұрсұлтановпен міндетті түрде жекпе-жек өткізу туралы ресми нұсқау берген. Тараптар келісімге келе алмаған жағдайда, кездесуді ұйымдастыру құқығы промоутерлік саудаға шығарылуы мүмкін еді. Бірақ чемпионның енді Джером Уорбертонмен жұдырықтасатыны белгілі болды.
Осылайша Мейірім Нұрсұлтанов 14 қарашадағы чемпиондық айқасқа қатыспайды. Дегенмен оның WBC белбеуіне міндетті үміткер мәртебесі өзгергені немесе титулдық жекпе-жегі қашан өтетіні туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.