Кайл Снайдер Астанада бес дүркін әлем чемпионы атанды
Америкалық әйгілі балуан Кайл Снайдер мансабындағы бесінші әлем чемпионы атағына қол жеткізді.
Финалда жеңілістен қалай құтылды?
Елордада өтіп жатқан әлем біріншілігінің еркін күрестен 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі шешуші белдесуі нағыз сенсацияға айналды. Америкалық Кайл Снайдер мен жапониялық Араш Йошида арасындағы кездесуде соңғы минутқа дейін азиялық балуан 4:0 есебімен алда тұрды.
Бірақ тәжірибелі Снайдер белдесудің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда таразы басын теңестіріп, есепті 4:4-ке жеткізді. Соңғы ұпайды америкалық балуан алғандықтан, жеңіс қосымша көрсеткіш бойынша соған берілді.
Осылайша Кайл Снайдер Астанада керемет камбэк жасап, әлем чемпионатының алтын медалін бесінші мәрте иеленді.
Снайдер финалға дейін Садулаевты жеңді
Америкалық балуан әлем чемпионатының шешуші кезеңіне дейін де бірнеше мықты қарсыласын жолдан тайдырды.
Ширек финалда ресейлік Абдулрашид Садулаевпен кездесіп, 4:4 есебімен аяқталған белдесуде қосымша көрсеткіш бойынша басым түсті.
Ал жартылай финалда польшалық Збигнев Барановскийді 5:0 есебімен сенімді жеңіп, алтын медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
Өз кезегінде Араш Йошида жартылай финалда Бахрейн атынан өнер көрсететін Ахмед Тажудиновты жауырынын жерге тигізіп жеңген болатын.
Олимпиада чемпионы әлемдік рекордын толықтырды
Кайл Снайдер Астанадағы әлем чемпионатына дейін де еркін күрестің ең танымал әрі титулды өкілдерінің бірі саналды.
Америкалық бозкілем шебері 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған. Бұған қоса, оның еншісінде әлем чемпионаттарының төрт алтын жүлдесі болған.
Ал оның финалдағы қарсыласы Араш Йошида 2025 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған. Сондай-ақ жапониялық балуан 2023, 2025 және 2026 жылдары Азия чемпионатында топ жарған.