Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Қанат Ислам Төрехан Сабырханға маңызды кеңес берді

Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Азия ойындарының жеңімпазы әрі әлем чемпионы Төрехан Сабырханға болашақ мансабына қатысты құнды кеңестерін айтты.

Қанат Ислам Төрехан Сабырханға маңызды кеңес берді
Instagram/@boxingkazakhstan

Жас чемпионға ескерту жасады

Белгілі боксшы жас чемпионға алдағы уақытта әлдеқайда күрделі сынақтар күтіп тұрғанын атап өтті. Оның пікірінше, жоғары деңгейдегі нәтижені сақтап қалу үшін үздіксіз ізденіп, дайындықты күшейту қажет.

Журналист Аслан Қаженов жариялаған мәліметке сәйкес, Қанат Ислам Төрехан Сабырханға мынадай ақыл-кеңес берген:

"Жыл өткен сайын қарсыластарың күшейе түседі. Олар сенің жекпе-жектеріңді қарап, өнеріңді жан-жақты зерттейді. Сондықтан алдағы жарыстарға бұрынғыдан да тыңғылықты дайындалуың керек. Жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, үнемі ізден. Жеңістерге мастанып, босаңсуға болмайды. Қазір сенің залдан шықпай, жаттығуға барынша көңіл бөлетін кезің. Дәрумендер қабылдауға, денені созу жаттығуларына мән бер. Бұл жарақаттың алдын алуға көмектеседі. Саған сәттілік тілеймін, талмай еңбектен!" 

Қанат Исламның бокстағы жетістіктері

Қанат Ислам — әуесқой және кәсіпқой бокста жоғары нәтижелерге қол жеткізген тәжірибелі боксшы.

Ол әуесқой бокста Қытай құрамасының намысын Ханати Силаму есімімен қорғап, бірнеше ірі халықаралық жарыста жүлдегер атанды.

Атап айтқанда, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының қола медалін иеленді. Сонымен қатар 2007 жылғы әлем чемпионатында және 2006 жылғы Азия ойындарында үшінші орын алды.

Кейін кәсіпқой боксқа ауысқан Қанат Ислам 30 жекпе-жек өткізіп, 29 рет жеңіске жетті. Оның 22-сін нокаутпен аяқтап, бір рет қана жеңілді.

Ол кәсіпқой рингте бірінші орта салмақта WBO Inter-Continental, WBA Inter-Continental, WBA Fedelatin және WBA Fedecaribe белбеулерін жеңіп алып, оларды сәтті қорғаған.

Бұл туралы не ойлайсыз?