Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Қызайбай жеңілді, жастар топ жарды: әлем чемпионатына кімдер барады?

Бокстан Тараздағы 2026 жылғы Қазақстан чемпионаты бірнеше сенсациялық нәтижемен, жастардың жарқын өнерімен және ұлттық құрамадағы бәсекенің күшеюімен есте қалды. 

Қызайбай жеңілді, жастар топ жарды: әлем чемпионатына кімдер барады?
Instagram/@boxingkazakhstan

Жаңа чемпиондар пайда болды

Биылғы ел чемпионаты боксшылар арасындағы бәсекенің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Әсіресе ерлер арасында чемпиондық атақтардың басым бөлігі жаңа есімдерге бұйырды. Бұл туралы sportarena жазады. 

Әйелдер бәсекесінде алты боксшы былтырғы жетістігін қайталап, Қазақстан чемпионы атағын қорғап қалды. Олар:

Ал ерлер арасында 2025 және 2026 жылдары бір салмақта қатарынан чемпион атанған бірде-бір боксшы болған жоқ. Дегенмен Дәулет Төлемісов алтын медалін сақтап қалды. Ол былтыр 85 келіде топ жарса, биыл Таразда 90 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жетті.

18 жастағы талант елді таңғалдырды

Турнирдің басты жаңалықтарының бірі — Әділбек Қожаханның өнері. Небәрі 18 жастағы боксшы 60 келі салмақта қарсыластарын сенімді түрде жеңіп, Қазақстан чемпионатының ең жарқын боксшылардың біріне айналды.

Ол жартылай финалда әлем чемпионы әрі Азияның қазіргі чемпионы Оразбек Асылқұловтан басым түсті. Ал шешуші жекпе-жекте әлем чемпионатының ширек финалына дейін жеткен Бейбарыс Жексенді жеңіп, алтын медаль иемденді. 

Осы нәтижеден кейін Қожахан 60 келі салмақта ұлттық құраманың негізгі құрамына үміткерлердің біріне айналды.

Жастар арасындағы жарыстарда жақында ғана өнер көрсеткен Нұрзат Оңғаров, Нұрбек Мұрсал, Санжарәлі Бегалиев және Темірлан Мұқатаев та ел чемпионы атанды. Бұл нәтижелер қазақстандық бокста жаңа буынның қалыптасып келе жатқанын аңғартты.

Назым Қызайбай ұлттық құрамадағы орнын жоғалта ма?

Тараздағы ең көп талқыланған нәтижелердің бірі үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайдың жеңілісі болды.

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері бұл турнирде топ жарса, Қазақстан чемпионатындағы 15-ші алтын медалін иеленер еді. Дегенмен 54 келі салмақ дәрежесіндегі финалда Элина Базарова төрешілер шешімімен Қызайбайдан басым түсті. Осылайша Базарова аталған салмақта ұлттық құраманың негізгі құрамына басты үміткерлердің біріне айналды.

Енді басты мәселе — Назым Қызайбай 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына дейін өзінің басымдығын қайта дәлелдей ала ма? Себебі елордадағы дүниежүзілік додада алғашқы жеке олимпиадалық жолдамалар сарапқа салынады деп жоспарланған. Сондықтан алдағы айлардағы бәсеке тәжірибелі Қызайбай үшін ерекше маңызды болмақ.

Таразға келмегендердің тағдыры қалай шешіледі?

Қазақстан чемпионатына ұлттық құраманың бірнеше белгілі өкілі қатысқан жоқ.

Атап айтқанда, Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен бес боксшы жарыстан ресми түрде босатылды. Олар:

  • Төрехан Сабырхан;
  • Айбек Оралбай;
  • Махмұд Сабырхан;
  • Алуа Балқыбекова;
  • Наталья Богданова.

Олардың бұл шешімі Жапонияда өткен Азия ойындарындағы нәтижелерімен байланысты. Бұдан бөлек, Санжар Тәшкенбай, Нұрбек Оралбай және Сабыржан Аққалықов та Тараздағы чемпионатта өнер көрсетпеді.

Нұрбек Оралбай мен Сабыржан Аққалықовтың жарысты өткізіп алуына медициналық себептер болғаны айтылды. Дегенмен жаңа чемпиондар анықталғаннан кейін маңызды сұрақ туындады: ел біріншілігіне қатыспаған көшбасшылар әлем чемпионатына қандай талаппен іріктеледі?

Жаттықтырушылар бұрыннан танылған боксшыларға басымдық бере ме, әлде Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен жаңа есімдерге мүмкіндік ұсына ма?

Жаттықтырушыларды күрделі таңдау күтіп тұр

Бокстан 2027 жылғы әлем чемпионаты 10 сәуірде Астанада басталады деп жоспарланған. Енді ерлер және әйелдер құрамаларының бапкерлері Нұржан Насанов пен Елдос Сайдалин алдында жауапты міндет тұр.

Олар әлем чемпионатына баратын құрамды анықтау кезінде Тараздағы нәтижелерге қаншалықты сүйенетіні әзірге белгісіз.

Қазақстан боксында ел чемпионы атанған боксшының ірі халықаралық жарысқа қатыспай қалған жағдайлары бұрын да кездескен. Мысалы Элина Базарова былтыр Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткенімен, Азия ойындарына Назым Қызайбай барған.

2022 жылы Римма Волосенко ел чемпионатының финалында кейін Венгрия құрамасы сапында Еуропа чемпионы атанған Владислава Кухтадан жеңілген еді. Соған қарамастан Волосенко 2023 жылы маңызды халықаралық турнирлерге қатысты.

Ерлер арасында да осындай мысал бар. Сабыржан Аққалықов 2025 жылы Қазақстан чемпионы атанып, кейін Азия ойындарына 80 келідегі негізгі боксшы ретінде барған.

Бұл туралы не ойлайсыз?