Қазақстанның жас чемпионы кімге еліктейтінін айтты
Бокстан 2026 жылғы ел чемпионы Әділбек Қожахан Абылайхан Жүсіповті үлгі тұтатынын жеткізді.
Қожахан Жүсіповтің қандай қасиеттерін бағалайды?
60 келіге дейінгі салмақта ел біріншілігін жеңіп алған Қожахан бұл туралы журналист Аслан Қаженовке берген сұхбатында айтты. Әділбектің айтуынша, Абылайхан Жүсіпов оған рингтегі өнерімен қатар, тұлғалық қасиеттерімен де үлгі.
"Мен үшін үлгі тұтар адам – ағамыз Абылайхан Жүсіпов. Оның өзін ұстауы, сауаттылығы мен білімділігі маған қатты ұнайды", – деді Қожахан.
18 жасында ересектер арасында топ жарды
Әділбек Қожахан Таразда өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында небәрі 18 жасында алтын медаль иеленді. Ол жарыс барысында бірнеше атақты қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Олардың қатарында Қазақстанның екі дүркін чемпионы, "Ұлы Жібек жолы" турнирінің жеңімпазы Талғат Сырымбетов, IBA нұсқасы бойынша қазіргі әлем чемпионы әрі Азия чемпионы Оразбек Асылқұлов және жастар арасындағы Азия чемпионы, ел біріншілігінің жүлдегері Бейбарыс Жексен бар.
Ерлер мен әйелдер арасындағы бокстан Қазақстан чемпионаты 30 қазан мен 6 қараша аралығында Таразда өтті. Елдің басты ішкі додасында 20 өңірден келген 369 боксшы бақ сынады.