Қазақстандық таэквондошы жасөспірімдер Олимпиадасының жартылай финалына шықты
Любовь Юн Дакарда өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында бразилиялық қарсыласын екі раундта жеңіп, үздік төрттікке енді.
Отандасымыз 63 келіден жоғары салмақ дәрежесінің ширек финалында бразилиялық Рафаэла Мейреллес да Костамен кездесті. Юн алғашқы раундта қарсыласын 7:2 есебімен жеңді. Екінші кезеңде де қарқынын бәсеңдетпей, 11:2 есебімен басымдық танытты.
Осылайша қазақстандық таеквондошы раундтар бойынша 2:0 есебімен жеңіске жетіп, Сенегал астанасындағы жарыстың жартылай финалына жолдама алды.
Любовь Юнның келесі қарсыласы – сербиялық Эма Зечирович. Бұл кездесудің жеңімпазы жасөспірімдер Олимпиадасының алтын медалі үшін сынға түседі.
Юн – Дакардағы IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының таеквондо бәсекесіне қатысып жатқан Қазақстанның жалғыз өкілі.