"Мүлде басқа Жәнібекті көресіздер": Әлімханұлы жаңа салмаққа ауысты
Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмаққа ауысу шешімін түсіндірді.
Табиғи салмаққа оралу
33 жастағы Әлімханұлы әуесқой бокста ұзақ жыл бойы 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқанын еске салды. Оның айтуынша, жаңа дивизионда жанкүйерлер оның басқа қырын көреді.
"Әуесқой бокста көп жыл бойы 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеттім. Бұл менің табиғи салмағым еді. Кәсіпқой боксқа келгенде 160 фунтқа түсіп, әлем чемпионы белбеулерін біріктірдім. Енді өзімнің табиғи салмағыма оралып жатырмын. 168 фунтта мүлде басқа Жәнібекті көресіздер!" — деп жазды боксшы X әлеуметтік желісінде.
Әлімханұлы – Банк жекпе-жегі қашан өтеді?
Қазақстандықтың жаңа салмақтағы алғашқы кездесуі 2027 жылғы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында өтеді. Оның қарсыласы — кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген 25 жастағы даниялық Якоб Банк.
Боксшылардың көрсеткіштері:
Жәнібек Әлімханұлы: 17 жеңіс, оның 12-сі нокаутпен;
Якоб Банк: 20 жеңіс, оның 11-і нокаутпен.
Кездесуде екінші орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша бос тұрған әлем чемпионы атағы сарапқа салынады. Бұл белбеуді бұған дейін британдық Хамза Шираз босатқан.
Жәнібектің 75 келідегі жетістіктері
Әлімханұлы әуесқой бокста дәл осы салмаққа жақын дивизионда ірі жетістіктерге жеткен. Ол 75 келіде 2013 жылы әлем чемпионы, 2014 жылы Азия ойындарының жеңімпазы атанып, 2016 жылғы Рио Олимпиадасына қатысқан.
Жәнібек кәсіпқой рингте соңғы рет 2025 жылдың сәуірінде жұдырықтасқан.
Ал 2025 жылдың соңында боксшының допинг сынамасынан мельдоний анықталып, ол IBF чемпиондық атағынан айырылған. Спортшының жарыстардан шеттетілу мерзімі 2026 жылдың шілдесіне дейін созылған.
Кейін Әлімханұлы жоғары салмаққа ауысу үшін орта салмақтағы WBO белбеуін өз еркімен босатқан.