Усман мен Умар Нурмагомедов түрмеден босатылды
Абу-Дабиде жаппай төбелеске байланысты сотталған ММА файтерлері Усман мен Умар Нурмагомедов қамаудан шықты.
Сот Нурмагомедовтердің жазасын жеңілдетті
17 қарашада Абу-Даби сот департаменті жанжалға қатысқан тараптардың татуласқанын мәлімдеді. Сонымен қатар жәбірленушілердің Абу-Даби билігіне жолдаған кешірім жасау туралы өтініші қаралған.
Нәтижесінде сегіз адам қамаудан босатылып, әрқайсысына 150 мың дирхам айыппұл тағайындалды. Бұған дейін белгіленген айыппұл көлемі 300 мың дирхам болған.
Оқиға 11 қарашада БАӘ астанасындағы қонақүйдің фойесінде болған. Бірнеше адаммен бірге келген Усман Нурмагомедов Мераб Двалишвилиге жақындап, оны шақырғаннан кейін бетінен ұрған. Одан соң грузиялық файтерге аяқпен соққы жасалып, жанжал жаппай төбелеске ұласқан. Оқиғаға Двалишвилидің досы, балуан Саба Лазишвили де араласқан.
Алғашқы сот шешімі бойынша сегіз адамға, соның ішінде Усман мен Умар Нурмагомедовке алты айға бас бостандығынан айыру, 300 мың дирхам айыппұл салу және кейін БАӘ аумағынан шығару жазасы тағайындалған. Двалишвили мен Лазишвили қамауға алынбағанымен, әрқайсысына 50 мың дирхам айыппұл салынған.
Двалишвили ұсталғандарды босатуды сұраған
14 қарашада Мераб Двалишвили Абу-Дабиде өткен RAF күрес лигасының турниріне қатысқан. Сол жерде UFC-дің бұрынғы чемпионы қамаудағыларды босатуды сұраған.
Кейін тараптар татуласып, сот істі қайта қарау нәтижесінде жазаны жеңілдетті. Сегіз адамның барлығы қамаудан босатылды.