World Boxing ерлер боксына шлемді қайтару мәселесіy қарастырмақ
Шлемдерді қайтаруға қатысты дауыс беру 2026 жылғы 20 қарашада Панамада өтетін World Boxing конгресінде жоспарланған.
Геннадий Головкин басқаратын World Boxing ұйымы ерлер боксына қорғаныc шлемдерін қайта енгізу мәселесін талқыламақ.
Ұйым ұсынған медициналық статистикаға сәйкес, 2024 жылғы Олимпиадаға іріктеу турнирлерінде шлемсіз жұдырықтасқан ерлер арасында тіркелген жарақат саны шлеммен өнер көрсеткен әйелдерге қарағанда шамамен 31 есе жоғары болған.
Ерлер арасында 103 тіліну тіркелген
Зерттеу 2024 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу аясындағы алты турнирдің деректеріне негізделген.
Шлемсіз жұдырықтасқан ерлер арасында 1070 қатысу жағдайына шаққанда жаңа немесе қайта ашылған 103 тіліну тіркелген.
Ал шлем киген әйелдер арасында 645 қатысуға небәрі екі осындай жағдай есепке алынған.
100 қатысуға шаққанда көрсеткіш:
- ерлерде – 9,6;
- әйелдерде – 0,31.
Осылайша, тіркелген тілінулер жиілігіндегі айырмашылық шамамен 31 есеге жеткен.
Жалпы жарақат статистикасында да елеулі айырма бар: ерлер арасында 179, әйелдер арасында 13 медициналық жағдай тіркелген.
Тіліну турнирді жалғастыруға кедергі болуы мүмкін
World Boxing құжатында тілінулердің келесі жекпе-жектерде қайта ашылу қаупі бар екені көрсетілген. Соның салдарынан боксшы алдыңғы кездесуін жеңген күннің өзінде турнирді жалғастыру мүмкіндігінен айырылуы ықтимал. Дегенмен бұл деректерді шлемнің тиімділігін тікелей дәлелдейтін эксперимент ретінде қарастыруға болмайды.
Зерттеуде бірдей жағдайдағы екі топ тек қорғаныш экипировкасы бойынша салыстырылмаған. Ерлер мен әйелдер әртүрлі жағдайда өнер көрсеткен, сондай-ақ кейбір спортшылар бірнеше кездесу өткізгендіктен статистикаға бірнеше рет енген. Сондықтан көрсеткіштер шлемнің жарақатты нақты қанша пайызға азайтатынын дәлелдемейді, тек қарастырылған турнирлердегі тіркелген жарақат жиілігінің айырмасын көрсетеді.
World Boxing шлемдердің нокаут пен ми шайқалу қаупін толық жоймайтынын да атап өтеді.
Бастаманы Головкин көтерген
18 қарашада World Boxing президенті Геннадий Головкин Панамада ұйымның атқарушы комитетінің отырысына төрағалық етті.
Жиында алдағы конгресс алдында спорттық ережелерге енгізілуі мүмкін өзгерістер талқыланды.
Ресми түзетулер жобасында қорғаныш шлемдеріне қатысты бастама World Boxing президентінің сұрауы бойынша атқарушы комитетте қаралғаны көрсетілген.
Шешім 20 қарашада қабылданады
Шлемдерді қайтару туралы дауыс беру 2026 жылғы 20 қарашада Панамада өтетін World Boxing конгресінде жоспарланған.
Делегаттар ерлер арасындағы жарыстарда қорғаныш шлемдерін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті түрде қолдану қажет пе деген мәселені шешеді.
Түзету қабылдануы үшін делегаттардың кемінде үштен екісі қолдауы керек.
Шешім Қазақстанға да әсер етеді
Бұл мәселенің Қазақстан үшін де маңызы жоғары.
2027 жылы Астана бокстан әлем чемпионатын қабылдайды. Сол турнирде Лос-Анджелестегі 2028 жылғы Олимпиада ойындарына берілетін алғашқы 44 жолдаманы сарапқа салу жоспарланған.
Егер World Boxing шлемдерді қайтару туралы бастаманы қолдаса, Астанадағы әлем чемпионатында ерлер де қорғаныш шлемімен жұдырықтасуы мүмкін.