Жәнібек Әлімханұлының қарсыласына қатысты допинг күдігі айтылды
Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы жекпе-жек 2027 жылғы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында өтеді.
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының алдағы қарсыласы Якоб Банктің физикалық дайындығына қатысты күмәнді пікір айтылды.
Ресейлік "Лаборатория бокса" YouTube-арнасының авторы дат боксшысының қазіргі формасына назар аударып, оның тыйым салынған препараттарды қолдануы мүмкін деген жеке болжамын білдірді.
Арна авторы Якоб Банктің физикалық көрсеткіштері өзіне күмән тудырғанын айтты.
"Меніңше, ол фармакология қолданып жүр. Оның үстіне, өте күшті препараттар болуы мүмкін. Қазір нағыз алып күш иесіне ұқсайды. Егер оны дұрыс әрі толық тексерсе, формасы бірден төмендеп кетуі мүмкін. Бұл – менің жеке пікірім", – деді ол.
Айта кетейік, бұл – YouTube-арна авторының жеке пікірі. Якоб Банкке қатысты допинг қолданғаны жөнінде ресми шешім немесе расталған ақпарат жарияланған жоқ.
Жәнібекпен жекпе-жек қаңтарда өтеді
Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы жекпе-жек 2027 жылғы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында өтеді.
Кездесуде суперорта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионының вакантты белбеуі сарапқа салынады.
Якоб Банктің кәсіпқой бокстағы көрсеткіші – 20 жеңіс, 11 нокаут. Ал Жәнібек Әлімханұлы 17 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, оның 12-сін мерзімінен бұрын аяқтаған.
Айта кетейік, қазақстандық боксшы бұл жекпе-жек арқылы ұзақ үзілістен кейін рингке қайта шығады. Әлімханұлы соңғы кездесуін 2025 жылдың сәуірінде өткізді. Кейін ол антидопинг ережесін бұзғаны үшін дисквалификацияға ұшыраған еді.