Қуат Хамитов Қазақстанда UFC-де жұдырықтасқысы келеді
ММА файтері Қуат Хамитов 2027 жылы Қазақстанда өтуі мүмкін UFC турнирінде жекпе-жек өткізгісі келеді.
Хамитов жанкүйерлерден не сұрады?
"Найман" лақап атымен танылған файтер UFC президенті Дана Уайт пен ұйымның вице-президенті Хантер Кэмпбеллдің парақшаларына Қазақстанның туын қалдырып, өзін турнирге шақыруды сұрап пікір жазуға үндеді.
Хамитовтың айтуынша, кезінде UFC-ге өтуіне қажетті байланыс пен қолдау болмаған. Енді ол Қазақстанда турнир өткізу мүмкіндігін октагонға шығудың жаңа мүмкіндігі деп санайды.
"Мен қарапайым адаммын, жалынғым да, жалбарынғым да келмейді. Көмекті тек халықтан сұраймын", – деді Хамитов.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 19 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте UFC турнирін Қазақстанда 2027 немесе 2028 жылы өткізу жөнінде келіссөз жүріп жатқанын айтты. Министр жыл басынан бері бірнеше жұмыс кездесуі өткенін және келіссөз қорытындысын қараша айының соңында жариялайтынын жеткізді.
Хамитовтың ММА-дағы нәтижесі
Қуат Хамитов Fight Nights Global, ONE Championship, ACA және RAF ұйымдарында өнер көрсеткен. Кәсіпқой ММА-да ол 36 жекпе-жек өткізіп, 26 рет жеңіске жеткен, тоғыз рет жеңілген және бір кездесуін тең аяқтаған.
2026 жылғы 30 қазанда Хамитов Душанбеде өткен ACA 209 турнирінде ресейлік Алексей Махноны екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Ол актер және шоумен ретінде де танымал.