Өзбекстандық әлем чемпионы АҚШ-та нокаут жасады
Өзбекстандық боксшы Руслан Абдуллаев АҚШ-тың Калифорния штатындағы Индио қаласында өткен бокс кешінде жеңіске жетті.
Титулдық жекпе-жек қалай аяқталды?
Ол мексикалық Хуан Меса Ангулоны алтыншы раундта нокаутпен ұтты.
Бірінші жартылай орта салмақта жұдырықтасатын Абдуллаев пен Ангулоның кездесуі сегіз раундқа жоспарланған еді. Бірақ өзбекстандық былғары қолғап шебері айқасты мерзімінен бұрын аяқтап, қарсыласын алтыншы раундта нокаутқа жіберді.
Осы жеңісінің арқасында Абдуллаев WBA Continental Gold белбеуін сәтті қорғады.
Кәсіпқой рингте әлі жеңілмеген
Руслан Абдуллаев кәсіпқой бокстағы жеңіс сериясын алты кездесуге жеткізді. Оның еншісінде алты жеңіс бар, соның төртеуін нокаутпен тіркеген. Әзірге жеңіліс таппаған.
Ал Хуан Меса Ангулоның көрсеткіші — тоғыз жеңіс және төрт жеңіліс. Мексикалық боксшы алты қарсыласын нокаутпен ұтқан.
Абдуллаев әуесқой бокста да ірі жетістіктерге жеткен. Ол 2023 жылы әлем чемпионы, ал 2022 жылы Азия чемпионы атанды.