Қазақ дзюдошылары әлем чемпионатында тұғырға көтерілді
Дзюдошы Санжар Ерұланұлы Ташкентте жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Финалда қарсыласына ұпай бермеді
Ерұланұлы 100 келіге дейінгі салмақтың финалында жапониялық Шокей Хираноны жеңді. Ол екі нәтижелі әдіс жасап, "ваза-ари" және "юко" ұпайларын еншіледі. Ал Хирано кездесу барысында ұпай ала алмады.
Осылайша Ерұланұлы әлем біріншілігінің жеңімпазы атанып қана қоймай, ширек финалда Хираноға есе жіберген отандасы Асқар Біржанов үшін де қарымта қайтарды.
Жартылай финалда испаниялықты ұтты
Санжар Ерұланұлы финалға жолдама үшін испаниялық Никита Юдановпен күресті. Тартысты өткен кездесуде балуандарға бірнеше рет "шидо" ескертуі берілді.
Белдесу тағдырын қазақстандық дзюдошының "юкоға" бағаланған әдісі шешіп, Санжар алтын медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
Асқар Біржанов қола жүлде иеленді
100 келіге дейінгі салмақта Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті. Асқар Біржанов қола жүлде үшін белдесуде Никита Юдановты мерзімінен бұрын жеңді.
Нәтижесінде осы салмақтағы екі қазақстандық та тұғырға көтерілді.