Асу Алмабаев UFC-дегі екінші сәтсіздігіне ұшырады
Асу Алмабаев Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде жапониялық Кёдзи Хоригутиге есе жіберді.
Аса жеңіл салмақта өткен айқаста қарсыластар толық үш раунд жұдырықтасты. Кездесу қорытындысы бойынша төрешілердің барлығы Хоригутиді жеңімпаз деп таныды.
Сөйтіп Алмабаев UFC-дегі тоғызыншы жекпе-жегінде екінші рет жеңілді. Қазақстандықтың промоушендегі көрсеткіші енді жеті жеңіс пен екі жеңіліс болды.
Жекпе-жек алдында Асу Алмабаев UFC-дің аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі рейтингінде алтыншы орында еді. Ал Хоригути қазақстандық файтерден бір саты төмен, жетінші орында тұрған.
Бұл нәтиже жапониялықтың UFC-дегі оныншы жеңісі болды. Оның ұйымдағы есебінде екі жеңіліс те бар.
Кәсіби ММА-дегі жалпы статистикаға келсек, Алмабаев 24 жеңіс пен төрт жеңіліске ие. Ал Хоригути мансабындағы 37-жеңісіне жетті.