Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

UFC Асу Алмабаевқа қатысты шешім қабылдады

21 қарашада Асу Алмабаев Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде Кёдзи Хоригутимен кездесіп, жеңіліп қалған еді. 

UFC Асу Алмабаевқа қатысты шешім қабылдады
Vesti.kz

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев UFC ұйымындағы екінші жеңілісінен кейін аса жеңіл салмақ рейтингінде екі позиция жоғалтты.

UFC ресми сайтында жарияланған жаңартылған Meta UFC Rankings нұсқасына сәйкес, қазақстандық файтер алтыншы орыннан сегізінші сатыға түсті.

Хоригути мен Альбази Алмабаевты басып озды

Асу Алмабаевтың рейтингтегі төмендеуінен кейін жапониялық Кёдзи Хоригути алтыншы орынға көтерілді. Оның кәсіби рекорды – 37 жеңіс, 6 жеңіліс және бір нәтижесіз жекпе-жек.

Ал Ирак өкілі Амир Альбази жетінші орынға жайғасты. Оның көрсеткіші – 17-3.
Осылайша, жаңартылған рейтингте Алмабаев сегізінші орында тұр.

Хоригутиге төрешілер шешімімен есе жіберді

21 қарашада Асу Алмабаев Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде Кёдзи Хоригутимен кездесті.

Жекпе-жек толық үш раундқа созылып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жапониялық файтердің жеңісімен аяқталды.

Төрешілер кездесуді 30-27, 30-27 және 29-28 есебімен Хоригутидің пайдасына бағалады.

UFC-дегі екінші жеңіліс

32 жастағы Алмабаев үшін бұл UFC-дегі екінші және кәсіпқой мансабындағы төртінші жеңіліс болды.

Қазақстандық файтер бұған дейін 2025 жылдың наурызында Манель Капеден үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңілген еді. Сол кездесуден кейін Алмабаев қатарынан үш жекпе-жекте жеңіске жеткен. Алайда оның жеңісті сериясы Хоригутиге қарсы кездесуде тоқтады.

Қазіргі уақытта Асу Алмабаевтың UFC-дегі көрсеткіші жеті жеңіс және екі жеңілісті құрайды. Аса жеңіл салмақтағы UFC чемпиондық белбеуі америкалық Джошуа Ванға тиесілі. Оның кәсіби рекорды – 17-2.

Бұл туралы не ойлайсыз?