Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Мұхит Амантаев пен "Мотиватор" Бекембетовтің қарымта жекпе-жегі өтпейтін болды

Бокстан бапкер Мұхит Амантаев жарақатына байланысты Әнуарбек "Мотиватор" Бекембетовке қарсы қарымта жекпе-жекке қатыса алмайтынын мәлімдеді.

Мұхит Амантаев пен "Мотиватор" Бекембетовтің қарымта жекпе-жегі өтпейтін болды
instagram.com/mukhit_amantayev/

Қолын сындырып алды

Амантаев әлеуметтік желідегі парақшасында қолының гипстелгенін көрсетіп, жаттығу кезінде жарақат алғанын айтты. Дегенмен бокс бапкері толық айыққаннан кейін қарымта кездесуді өткізуге ниетті екенін жеткізді.

"Ассалаумағалейкум, бауырлар, құрметті оқырмандар! Өздеріңіз көріп тұрған шығарсыздар. Мұны түсіндіріп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Өкінішке қарай, 12 желтоқсанда Алматыда, Almaty Arena спорт кешенінде өтетін IBA Nomad турнирінде қарымта жекпе-жекке шығуым керек еді. Алайда жарақат алуыма байланысты оған қатыса алмаймын.

Кәсіби спорттың барлық түрінде, әсіресе бокста жарақат болып тұрады. Жекпе-жек спортында жарақат – спортшының серігі деуге болады. Жаттығу кезінде қолымды жарақаттап алдым. Тіпті әлемдік деңгейдегі боксшылар мен UFC файтерлерінің өзі ірі жарыстар алдында денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болып жатады.

Алла қаласа, қолым жазылып, Жаратқан денсаулық берсе, бәрі жақсы болады. Құдайдың қалауымен бұл қарымта жекпе-жекті әлі де өткіземін", – деді Амантаев Instagram желісінде.

Амантаев пен Бекембетовтің алғашқы жекпе-жегі қалай аяқталды?

Қос файтердің қарымта кездесуі 14 қарашада ресми түрде жарияланған болатын. Жекпе-жек жеңіл салмақ дәрежесінде ММА қолғабымен бокс ережесі бойынша өтуі тиіс еді.

Мұхит Амантаев пен Әнуарбек Бекембетов алғаш рет 4 шілдеде Алматыда ұйымдастырылған IBA Nomad 15 турнирінде күш сынасты.

Тартысты кездесудің алғашқы раундында екі файтер де бір-бірін нокдаунға жіберді. Екінші раундта Амантаев тағы да нокдаунға түсті. Ал үшінші раундта Бекембетов қарсыласының денесіне дәл соққы жасап, оны тізерлетті. Амантаев кездесуді жалғастыра алмағандықтан "Мотиватор" техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Қарымта жекпе-жектің жаңа мерзімі әзірге белгісіз.

Бұл туралы не ойлайсыз?