Қуат Хамитов 2016 жылы UFC-ге неге ауыспай қалғанын айтты
ММА файтері Қуат Хамитов 2016 жылы UFC-мен келіссөздің соңғы кезеңіне дейін жеткенін айтты.
UFC-дің бұрынғы чемпионы көмектескен
Хамитов "Наш боец" YouTube арнасына берген сұхбатында сол кезде қатарынан алты жекпе-жекте жеңіске жетіп, Fight Matrix рейтингінде Азияның жеңіл салмақтағы үздік файтері болған. UFC-ге өтуіне ұйымның ауыр салмақтағы бұрынғы уақытша чемпионы Шейн Карвин көмектескен.
"Мен он жыл бұрын, 2016 жылы дайын едім. Бабым жақсы болатын, қатарынан алты рет жеңіске жеттім. Шейн Карвинмен хат алмасып, сөйлесіп жүрдік. Ол келіссөз жүргізіп жатқанын айтты. "Қуат, сені UFC-ге алдырамын. Жекпе-жектерің тартысты, Азияда бірінші орындасың", – деп еске алды Хамитов.
UFC сатылғаннан кейін келіссөз үзілген
Қазақстандық файтердің сөзінше, келіссөз соңғы кезеңге жеткен тұста UFC 4 миллиард долларға жаңа иелеріне сатылған.
"Содан бәрі тоқтады. Шейн Карвин байланысқа шықпай кетті, келіссөз жүргізген адамдардың бәрі жұмыстан босатылды. Сөйтіп Fight Nights-қа кеттім. UFC-мен келісімшартқа қол қою мүмкіндігін осылай жіберіп алдым", – деді Хамитов.
Хамитов 2011 жылдан бері кәсіпқой ММА-да өнер көрсетеді. Alash Pride, Fight Nights Global, ONE Championship және ACA ұйымдарында жекпе-жек өткізген. Кәсіпқой мансабында 29 жеңіске жетіп, 8 рет жеңілген және 2 жекпе-жегін тең аяқтаған.
Хамитов 2026 жылы 30 қазанда Душанбеде ACA 209 турнирінде ресейлік Алексей Махноны екінші раундтың 44-секундында техникалық нокаутпен жеңді.