Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Әлем чемпионын жеңген қазақстандық таеквондошы Астанада тарихи медаль иеленді

Батырхан Төлеуғали Астанада әлемдік Гран-при сериясының финалдық турнирінде күміс медаль иеленіп, ел спортының тарихына енді.

Әлем чемпионын жеңген қазақстандық таеквондошы Астанада тарихи медаль иеленді
olympic.kz

Отандық таеквондодағы тарихи жетістік

80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Батырхан Төлеуғали шешуші кездесуде ирандық Радин Зейналиге есе жіберді. Төлеуғали әлемдік Гран-при сериясының финалдық турнирінде алтын жүлде үшін сынға түскен алғашқы қазақстандық таеквондошы атанды.

Айта кетейік, екі таеквондошы да былтыр Найробиде 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған. Зейнали 74 келіге дейінгі салмақта топ жарса, Төлеуғали 87 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды.

Әлем чемпионын жарыс жолынан шығарды

Қазақстандық таеквондошы турнирді өз салмағындағы соңғы, 16-шы нөмірмен бастады. Соған қарамастан алғашқы кездесуінде-ақ 2025 жылғы әлем чемпионы, бразилиялық Энрике Маркес Родригес Фернандесті 2:1 есебімен жеңді. Алғашқы екі раундтан кейін есеп теңескенімен, шешуші кезеңде Батырхан 11:5 есебімен басым түсті.

Келесі айналымда Төлеуғали 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, ресейлік Артем Мытаревті жарыс жолынан шығарды. Ал жартылай финалда 2026 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, грузиялық Зураб Кинцурашвилиді 2:1 есебімен жеңді.

Олимпиада жолындағы маңызды қадам**

Батырхан Төлеуғали Астанадағы Гран-при финалына Олимпиадалық рейтинг арқылы қатысу мүмкіндігіне ие болған. G-10 санатындағы турнирде екінші орын алған отандасымыз 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының іріктеу рейтингіне 60 ұпай қосты.

Астанада өтіп жатқан әлемдік Гран-при сериясының финалдық турниріне 38 елден 128 таеквондошы қатысып жатыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?