Қазақ боксшы әлем кубогында қарсыласын нокдаунға түсіріп, жеңіске жетті
Өнер Сейілхан Ташкентте өтіп жатқан World Boxing әлем кубогының финалдық кезеңінде алғашқы жекпе-жегін жеңіспен аяқтады.
Қырғызстандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында Өнер Сейілхан қырғызстандық Алмаз Орозбековпен жұдырықтасты.
Қазақстандық боксшы кездесу барысында басымдық танытып, екінші раундта қарсыласын нокдаунға түсірді. Жекпе-жек қорытындысында төрешілер бірауыздан Өнерге жеңісті берді – 5:0.
Сонымен қазақстандық былғары қолғап шебері жартылай финалға жолдама алып, кемінде қола медаль иеленді.
Өнер Сейілханның жетістіктері
Өнер Сейілхан – 2024 жылғы жастар арасындағы Азия және әлем чемпионы. Ол 2024 жылдың мамырында Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында 71 келі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Сол жылдың қарашасында Черногорияның Будва қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында да топ жарды.
Ал 80 келі салмақ дәрежесіне ауысқаннан кейін 2026 жылдың шілдесінде Индонезияның Джакарта қаласында өткен 23 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Ал қараша айында Таразда ұйымдастырылған ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында екінші орын иеленді.
Айта кетейік, World Boxing әлем кубогының қорытынды кезеңі Ташкентте 28 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы сапында 11 боксшы – алты ер және бес әйел боксшы өнер көрсетіп жатыр.