
Шара ұйымдастырушылары әзірге үнсіз.
27 ақпан күні Астанада өтетін бокс кешінде Данияр Елеусінов пен Қуат Хамитов өнер көрсетпейді. Бұл туралы белгілі спорт комментаторы Уәлихан Қосанбай Инстаграмдағы парақшасында мәлімдеме жасады деп хабарлайды Offside.kz. Уәлихан Қосанбай жанкүйерлерге билет сатып алмауға кеңес береді.
"27 ақпан күні Астанада өтетін жекпе-жек кешінді Данияр Елеусінов пен Қуат Хамитов шықпайды. Екеуін көрем деп билет сатып алып, алданып қалмаңыздар" - деп жазды Қосанбай.
Естеріңізге сала кетейік, санаулы күндерден кейін елордада ауқымды бокс кеші өтеді. Басты жекпе-жек суперорта салмақтағы WBC Silver титулы үшін болады. Қазақстандық Али Ахмедов польшалық Мацей Сулецкимен жұдырықтасады.
Ал Қуат Хамитов пен Данияр Елеусінов дәл осы кештің қатысушылары ретінде көрсетілген. Аралас жекпе-жек шеберінің қарсыласы ресейлік Мариф Пираев болса, былғары қолғап шеберінің кіммен айқасатыны әзірге белгісіз.
Айта кетейік, шара ұйымдастырушылары Уәлихан Қосанбайдың жазбасына қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.