
Қазақстандық еркін күрес шебері Әділет Дауланбаевтың не себептен көптен бері республикалық және халықаралық турнирлерге қатыспай жүргені белгілі болды.
2024 жылдың сәуір айында Бішкекте өтетін Азия чемпионатына дайындық барысында ұлттық құраманың бір мүшесі міндетті допинг сынағынан өтті. Кейін ол құрлықтық додаға қатысып, 92 кг салмақ дәрежесінде жетінші орын алды. Бірақ үйге оралған соң, ең қорқынышты жағдай болды – зертханадан келген нәтижелер Дауланбаевтың сынамасынан тыйым салынған "дростанолон" препаратының іздері табылғанын көрсетті. Бұл – күшті анаболикалық стероид саналады.
Осыдан кейін тергеу жүргізілді. Бірақ Дауланбаев өзінің кінәсіздігін Ұлттық антидопингтік орталық алдында дәлелдей алмады. Нәтижесінде оған ұзақ мерзімді – 2024 жылдың 30 сәуірінен 2028 жылдың 30 сәуіріне дейінгі дисквалификация тағайындалды. Бұл жолы да "спорттық тамақтану" кінәлі ме?
Айта кетейік, 2024 жылдың ақпан айында дәл осы "дростанолон" препараты үшін тағы бір еркін күрес шебері Талғат Сырбаз ұсталған еді. Ал 2016 жылы – Азамат Дәулетбековтің де есімі осыған ұқсас жағдайға байланысты аталған болатын.