
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Балауса Мұздыманның (6-0, 5 KO) кезекті жекпе-жегі белгілі болды.
5 сәуірде Астанада өтетін бокс кешінде Балауса Мұздыман шаршы алаңға қайта оралады. Бұл кештің басты оқиғасы – Жәнібек Әлімханұлының орта салмақта WBO және IBF әлем чемпионы титулдарын қорғауы болады. Ол рингте франциялық Анауэль Нгамиссенгемен кездеседі.
Мұздыманның қарсыласы – АҚШ-тың жеңілмеген боксшысы Розалинда Родригес (14-0, 3 KO) болады. Бұл кездесу қазақстандық спортшы үшін үлкен сынақ болмақ.
Балауса Қазақстандағы ең сұлу және талантты боксшылардың бірі. Ол соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында Астанада өткізіп, үндістандық Сушила Виратты (6-2, 4 KO) нокаутпен жеңген болатын.
АҚШ-тың тәжірибелі боксшысы Родригес соңғы рет 2024 жылдың 27 қазанында Атланта қаласында рингке шығып, Нидерланд өкілі Эми Наертті (11-5, 3 KO) төрешілердің бөлек шешімімен жеңіп, WBC International титулын иеленді.
Жекпе-жекті Қазақстан және шетелдегі жанкүйерлер тікелей эфирде тамашалай алады. Бокс кешінің толық бағдарламасы жақын арада жарияланады.