UFC 313 турнирінің басты жекпе-жегі Лас-Вегаста өтті. Магомед Анкалаев пен Алекс Перейра арасында өткен шайқаста ресейлік спортшы төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жартылай ауыр салмақтағы UFC чемпионы атанды.
Ресейлік аралас жекпе-жек шебері Магомед Анкалаев UFC чемпионы атанғанына қуанышты екенін мәлімдеді. Ол бразилиялық Алекс Перейраға қарсы титулдық жекпе-жекте жақсырақ өнер көрсете алатынын атап өтті.
“Мұны сөзбен жеткізу мүмкін емес… Мен бұл белдікке жету үшін ұзақ жолдан өттім, енді арманым орындалды. Бұл жекпе-жекте мен жақсырақ өнер көрсете алар едім, бірақ кейбір сәттер ойдағыдай болмады. Дегенмен өте қуаныштымын. Жаттықтырушыларыма, командама, отбасым мен жақындарыма, Дағыстанға, Кавказға және Ресейге алғысымды білдіремін”, — деді Анкалаев жекпе-жектен кейінгі сұхбатында.
32 жастағы Магомед Анкалаев кәсіби мансабында 20 жеңіске жетіп, 1 рет жеңіліп, 1 жекпе-жекті тең нәтижемен аяқтаған. Ал оның қарсыласы Алекс Перейраның еншісінде 12 жеңіс пен 3 жеңіліс бар.