
Дзюдодан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін ойындарға қатысуды мақсат етеді.
Бұл туралы балуан Sport+ телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, адамның жасы деген – жай ғана сандар, барлығы да денсаулық пен физикалық күш-қуатқа байланысты дейді ол.
"Егер мен келесі Олимпиадаға барсам, ол кезде жасым 35-те болады. Өздеріңіз білесіздер, Геннадий Головкин қырыққа дейін жұдырықтасты. Криштиану Роналду қырықтан асса да әлі футбол ойнап жүр. Жас деген ол тек сандар ғана. Кім еңбек етеді, бабында болады – сол жеңіске жетеді", - дейді Қырғызбаев.
Десе де, Олимпиада жүлдегері Парижден оралғалы бері әлі бірде-бір жарысқа қатысқан жоқ. Жанкүйерлері оны татамиден емес, той-томалақтан жиі көретін болған.