
Қазақстандық аралас жекпе-жек (ММА) және жалаңқол жекпе-жек өкілі Жұман Жұмабеков өзінің жерлесі Әнуарбек "Мотиватор" Бекембетовке жекпе-жекке шығуға дайын екенін мәлімдеді.
Жұмабеков алдымен Әнуарбек Бекембетов пен Амантаев арасындағы алдағы жекпе-жекке қатысты пікір білдіріп, егер олардың бірі жарақат алса, өзінің орнын басуға дайын екенін айтқан.
Бұған 40 жастағы "Мотиватор" Бекембетов дереу жауап қатты:
"Жұман, хайп жетіспей жүр ме саған? Біз жекпе-жектен қашпаймыз. Егер Мұхит шыға алмаса – сенімен де төбелесуге қарсы емеспін. Сен шақырады деп күтпедім. Біздің аулаға кіріп жатырсың ба, бауырым? Қызық екен. Бұл – ақша, таза спорттық қызығушылық. Шығуға болады", — деді Бекембетов.
35 жастағы Жұмабеков жауапсыз қалмады. Ол өз сөзінде Бекембетовке нақты жауап беріп, "жауап аламын" деп кесіп айтты:
"Мен саған нақты шақырту жасаған жоқпын. Тек біреуің шыға алмаса – орнына шығам дедім. Не деп тұрсың, бэйби? Басың менің екі белбеуімнің ортасында тұрған жоқ – әлі кеш емес, кешірім сұрап үлгер. Маған күшенбе, ондайлардың тағдырын білесің. Алдыңда құлайсың. Бұған дейін артқа құлағансың, енді мен сені алға құлатам. Көріссек – жауап алам. Сенің аймағыңа, мейлі бокс, мейлі жалаңқол төбелес болсын – кіремін", — деп мәлімдеді Жұмабеков.
Әнуарбек Бекембетов пен Амантаевтың айқасы 2025 жылдың 6 маусымында Алматыда өтеді. Егер сол күнге дейін біреуі жарақат алып, шыға алмаса – Жұман Жұмабеков дайын.
Ал Жұманның өзі 9 мамырда Nomad Fighting турнирінде, "ММА в стойке" ережесі бойынша жекпе-жекке шығады.