
Британдық боксшы Кейн Гарднер 5 сәуірде Астанада өтетін кеште қазақстандық Батыржан Жүкембаевпен айқасып, өзінің мансабындағы ең үлкен сынға түседі. Бұл жекпе-жек Жәнібек Әлімханұлы мен Анауэль Нгамиссенге арасындағы кештің басты кардында өтеді.
Ұлыбританияның танымал промоутерлік ұйымы VIP Boxing Кейн Гарднерге ерекше үміт артып отыр. Гарднердің кәсіби рекорды — 17 жеңіс, 4 жеңіліс және 7 нокаут. Ол "Барыс Аренада" Батыржан Жүкембаев (23-1, 17 KO) сияқты мықты қарсыласпен жұдырықтасуға дайын.
"VIP Boxing боксшысы “Шугар Кейн” Гарднерге сәттілік тілейміз! Ол Қазақстанға өміріндегі ең маңызды жекпе-жек үшін аттанып бара жатыр. Бұл сенбі күні кеште ол Астанада Батыржан Жүкембаевпен кездеседі. Кейн “шын өмірдегі Рокки” хикаясын жазуға дайын екенін айтты", — деп жазды промоутерлік компания әлеуметтік желідегі парақшасында.
Кейн Гарднердің сөзіне сенсек, ол бұл жекпе-жекке барын салып, күтпеген нәтиже көрсетуге бел буған. Оның мақсатында тек жеңіс емес, сонымен қатар өз есімін халықаралық деңгейде таныту тұр. Бұл оның Қазақстандағы алғашқы жекпе-жегі болмақ, әрі ол қазақстандық жанкүйерлердің назарын өзіне аударуға тырысады.