"Жалақы мен сыйақы кешіктіріледі". "Тобыл" жанкүйерлері клубтағы жүйелі мәселелерге наразы
Қостанайлық "Тобыл" ФК жанкүйерлері аймақ басшылығына үндеу жолдап, командадағы қордаланған мәселелерге назар аударуды сұрады.
Облыс әкіміне хат жолданды
Интернетте "Тобыл" жанкүйерлерінің Қостанай облысы әкіміне жолданған ашық хаты жарияланды. Үндеуде клубтағы бірқатар жүйелі түйткіл көтерілген. Бұл туралы sportarena.kz жазады.
Хатта клубтағы негізгі мәселелер ретінде ойыншылар мен қызметкерлерге жалақы мен сыйақының кешіктіріліп төленуі айтылған. Сонымен қатар салыққа қатысты сұрақтар мен қызметкерлердің зейнетақы аударымдарының болмауы да сөз болған.
Бұл жайттар жанкүйерлердің алаңдаушылығын күшейтіп, клуб басшылығының жұмысына қатысты сынның үдеуіне себеп болған.
Клуб жанкүйерлерден алшақтап кеткен
Үндеуде көтерілген тағы бір маңызды мәселе — клубтың жанкүйерлермен байланысының әлсіреуі. Хат авторларының пікірінше, "Тобыл" жанкүйерлер үшін жабық құрылымға айналған.
Олардың сөзінше, клуб ішінде жанкүйерлермен жүйелі жұмыс жүргізілмейді. Бұл өз кезегінде команда мен трибуна арасындағы байланысты әлсіреткен.
Жанкүйерлер клубтағы тиімсіз менеджменттің салдарынан "Тобылдың" екі бірдей трансферлік бан алғанын да атап өткен. Бұған қоса, командадан бірнеше маңызды футболшылардың, яғни Эль Мессауди, Эдедем Эссьен, Иван Миладинович және Николай Сигневичтің кеткені айтылды. Бұл өзгерістер команданың нәтижесіне тікелей әсер еткен факторлардың бірі ретінде бағаланып отыр.
Сәтсіз маусымның себебі неде?
Жанкүйерлер қазіргі сәтсіз нәтижелер үшін бас бапкер Нұрбол Жұмасқалиевті кінәлауға қарсы. Олардың пайымынша, мәселе жаттықтырушыда емес, клубтағы басқару жүйесінің әлсіздігінде жатыр.
Қазір қостанайлық клуб Қазақстан Премьер-лигасындағы алғашқы үш матчтан кейін небәрі бір ұпай жинап, турнир кестесінің соңғы сатысында келеді.