Сәтпаевтың ізімен: 16 жастағы өзбекстандық футболшы "Челсимен" келісімшартқа отырды

Сарапшы, спорт журналисі
15.04.2026, 17:20

"Челси" клубының академиясы 16 жастағы өзбекстандық Зуфархужа Акрамхужаевпен келісімшарт жасасты.

chelseanews.ru

Жас ойыншы “Челси” академиясына өтті

Ағылшын футболының алпауыт клубтарының бірі саналатын “Челси” жас таланттарды қатарына қосуды жалғастырып жатыр. Бұл жолы лондондық клубтың академиясы Өзбекстаннан шыққан 16 жастағы футболшы Зуфархужа Акрамхужаевты өз жүйесіне қабылдады.

Repost.uz басылымының мәліметінше өзбекстандық жас футболшы сынақтан сәтті өтіп, “Челси” академиясының U15 командасымен келісімшартқа қол қойған. Бұл – Орталық Азия футболы үшін маңызды жаңалықтардың бірі.

Зуфархужа Акрамхужаев 2010 жылы Әндіжанда дүниеге келген. Осыған дейін “Андижан-SGC” клубының намысын қорғаған.

Лондондық клубқа қашан қосылады?

Дереккөздердің хабарлауынша, жас футболшы биыл қыркүйек айында “Челси” академиясына ресми түрде қосылады. Келісімшарт екі жылға есептелген. Қазір қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Осыған дейін “Челси” жүйесіндегі Орталық Азиядан шыққан жалғыз ойыншы Қазақстан құрамасы мен “Қайраттың” шабуылшысы Дастан Сәтпаев болған еді.

17 жастағы қазақстандық шабуылшы лондондық клубқа биыл тамыз айында, 18 жасқа толғаннан кейін қосылады. Еске сала кетейік, “Челси” Дастан Сәтпаевты 2025 жылдың басында 4 миллион фунтқа сатып алды. 

Реклама
Реклама