Абырой болғанда, жүргізушінің өзі дін аман. Бүгін ол Бахрейндегі Сахир трассасында басталатын ресми тестілеу сессияларына қатысады.
Формула 1-де Mercedes командасының жас пилоты Кими Антонелли жаңа маусым қарсаңында жол апатына түсті. Абырой болғанда, жүргізушінің өзі дін аман. Бірақ шектеулі сериямен шығарылған қымбат қызметтік көлікке айтарлықтай зақым келген.
Италиялық басылымдардың хабарлауынша, оқиға Сан-Марино аумағында болған. Антонелли жол жиегіндегі қоршауға соқтығысқан.
"Өткен сенбінің кешінде Кими Сан-Маринодағы үйінің маңында жол-көлік оқиғасына тап болды. Полиция оқиға орнына Кимидің хабарласқаннан кейін келді. Жол-көлік оқиғасына Кимидің өзі ғана ұшырады. Автомобиль зақымданғанымен, Кими мүлде жарақат алған жоқ", – деді Mercedes командасының баспасөз қызметі.
Антонелли жаңа маусым алдында командадан арнайы қызметтік көлік алған болатын. Атап айтқанда, пилотқа Mercedes-AMG GT 63 PRO Motorsport Collectors Edition көлігі берілді. Бұл модель небәрі 200 данамен шығарылған. Сондықтан эксклюзивті саналады. Бір қызығы, Антонеллидің аталған темір тұлпарды тізгіндегеніне бар болғаны бірнеше күн болған.
Айта кетейік, Антонелли бүгін Бахрейндегі Сахир трассасында басталатын ресми тестілеу сессияларына қатысады.