
Қазақстан эстрадасында өзіндік қолтаңбасы бар әнші Нұрлан Еспанов мемлекеттік марапатқа қол жеткізе алмағанына өкініш білдіріп, бұл мәселе жайлы алғаш рет ашық айтты.
Revue News бағдарламасына берген сұхбатында өнер иесі талай еңбегін тиісті органдарға ұсынып, құжат тапсырған. Бірақ нәтиже болмағанын жасырмады. Оның айтуынша, бүгінде атақтың өзі емес, оның кешігіп келуі көңілге қаяу түсіреді.
“Кезінде көптеген әнімді, жобаларымды ұсындым. 10 жыл бойы тиісті органдарға құжат тапсырдым. Жасымыз да жетіп қалды. Атақ кешігіп жатыр. Шәмші Қалдаяқов атамыз: “Ажал аузында марапат алып не пайда?” деген екен. Бәлкім, бізге де сол сәт бұйырмай қалар”, – деді ол.
Еспанов көтерген мәселе – бүгінгі қоғамда жүйелі түрде талқыланып жүрген мәселелердің бірі. Көпшілік өнер адамдары еңбектің бағалануы мен әділетті марапат жайында жиі мәселе көтеріп жүр.
Бұл тұрғыда эстрада әншісі Әміре де өз ренішін жасырмады. Ол 30 жасқа толғанша “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағын ала алмағанын айтып, әлеуметтік желіде жазба қалдырды.
“Эстрададағы маңызды байқаулардың бәріне қатыстым. Бірақ биыл да мені марапат тізіміне қоспады. Бұл – өкпе емес, бірақ ішімде жүрген арман еді. Кейінге қалды. Дегенмен марапат алған әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын”, – деп жазды ол.