
Журналист Жанар Айжанованы сынға алды.
Журналист Ербол Мәндібек танымал әнші Жанар Айжанованы сынға алды. Әлеуметтік желіде ол халық әртісінің күйеу баласының шашын өз қолымен тақырлап алғанын "ыңғайсыз әрекет" деп бағалап, бұл жоралғының қазақ дәстүріне сай келмейтінін мәлімдеді.
"Бұл – ырымға сай емес. Бұлай ету – болмаған іс. Жанар апамыз су жаңа күйеу баласының басын тақырлап алған екен. Бұны нағыз енеге ерте бас беру деп түсінуге болады", — деп жазды журналист.
Ербол Мәндібек өз жазбасында дәстүрлі қазақ ырымдарын алға тартты. Оның айтуынша, ежелгі наным-сенімдерге сай, қайынжұрт күйеу баланың басымен немесе шашымен ойнамауы керек. Мұндай әрекет келін жағынан шектен шығу ретінде қабылданған.
"Иә, қазіргі заманда бәрін өзгертуге болады. Бірақ шаштараз көп заманда енесіне шаш алдыру – меніңше, бейсаналы түрде күйеу баланың “басын алу” секілді. Бұл әрекетке қарап жастар еліктеп кетсе қайтеміз? Ертең барлығы күйеу балаларының шашын жұлса, жауапты кім болады?" – деп алаңдаушылық білдірді Мәндібек.
Жанар Айжанова – көпке үлгі, өнер иесі, ел алдында жүрген абыройлы ана. Сондықтан оның әрбір әрекеті қоғам назарында. Журналисттің айтуынша, халыққа танымал тұлғалар дәстүр мен мәдениетке қатысты істерде ерекше мұқият болуы тиіс.