
Көрермендер кешке бір сағат қалғанда келгенімен есік жабық болған.
Атырауда өтуі тиіс болған Мирас Жүгінісов пен Qanay қатысатын концерт соңғы сәтте тоқтатылды. Кешті тамашалауға келген көрермендер жағдайдың мән-жайын ешкімнің түсіндірмегеніне наразы болды.
"Біз концерт басталмай тұрып, ерте келдік. Бірақ есік жабық, жан-жағында ақпарат жоқ. Бір адам шығып, концерт болмайтынын ғана айтты", – деді көрермендердің бірі.
Кешті Атырау мен Құлсары қалаларынан шыққан жас ұйымдастырушылар өткізуі тиіс еді. Алайда олар зал жалдау төлемін уақытында жасамағаны белгілі болды. Бұл жайлы әнші Мирас Жүгінісовтің өзі ашық мәлімдеді.
"Біз де сахна артында сіздер секілді күтіп тұрдық. Барлығы реттеледі деп үміттендік. Бірақ кейін концерт өтпейтінін білдік – зал жалдау ақысы төленбеген. Бұл өте өкінішті жағдай", – деді Мирас өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында.
Ұйымдастырушылар концерттің басқа күнге ауыстырылатыны жөнінде ақпарат бермеді. Бірақ көрермендерге билет құны қайтарылады деп уәде етілді.
Айта кету керек, кешке тек Атырау тұрғындары емес, Құлсары мен Оралдан да жанкүйерлер арнайы келген болатын. Сондықтан бұл жағдай жүздеген көрерменнің көңілін қалдырды.